ШЫРАҚ

83 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 25 09 2017 20:19

Шырақ – бөлмені, ашық алаңдарды және жекелеген заттарды жарықтандырып тұратын май шам. Ол ілкі замандардан бері қолданылып келеді. Оны ортағасырлық қалалардың қазба жұрттарынан көптеп табылған сан алуан түрлі шырағдандар қалдықтары да айғақтайды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында әулие адамдардың моласында, қасиетті жерлерде шырақ жағу дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Киелі орындарда шырақ жағушыны қазақтар шырақшы деп атайды. Қазіргі уақытта шырақ көбіне адам қайтыс болғанда жағылады. Қазақтарда қайтыс болған адам жерленген күннен бастап жетісіне дейін міндетті түрде 40 дана шырақ жағу керек деген жоралғы-ырым бар. Кей өңірлерде (ЗайсанАлтай) жерленген күні мен жетісінің алдыңғы күні жеті шырақтан жағу дәстүрі қалыптасқан. Басқа бір аймақтарда (Райымбек, тағы басқа) 40 күнге дейін шырақ жағу ғұрпы сақталған. Шырақты дүниеден өткен адамның туыстары жағады. Ескі сенім бойынша о дүниелік болған адамның рухы отқа айналады да, арулаған орыннан ұшып кейінгі шырақ жағушы жақындарына қонады, яки адам рухы мәңгі, бір түрінен екіншісіне трансформацияланады, бөлініп ұшқан жан өзгелерге дариды деген сан алуан діни, дүниетанымдық көзқарастардың араласуынан туындаған. Шырақ жағу ғұрпы зорастризм ілімінің сарқыншағы болып табылады.

Be the first to comment on "ШЫРАҚ"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.