Әлеуметтік мобильділік және оның түрлері.

151 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 08 10 2017 00:11

Қандай бір қоғам болмасын оның әлеуметтік құрылымы тұрақты өзгеріске ұшырап отырады. Бір құрылымдағы адамдар екінші бір құрылымға ауысып, олардың қоғамдағы рөлдері мен мәртебелері үздіксіз қозғалыста, өзгерісте болады. Мұндай өзгерісті ғылыми жағынан тұңғыш негіздеп, арнайы «әлеуметтік мобильділік» теориясын жасаған атақты американ әлеуметтанушы П. А. Сорокин. Ол бұл терминді 1927 жылы енгізген.

Сонымен қоғамдағы адамдың белгілі бір әлеуметтік топтан, таптан, яғни жіктен екінші әлеуметтік жағдайға ауысуын «әлеуметтік мобильділік» дейміз. Бұл – белгілі әлеуметтік құрылымдағы, басқаша сөзбен айтқанда әлеуметтік кеңістіктегі индивидтер мен топтардың орын, мәртебе, рөлдерін алмастыруы.

Әлеуметтік мобильділікті әңгіме еткенде П. Сорокиннің ғылыми айналымға ендірген әлеуметтік кеңістік туралы түсінігінің орны бөлек. Осымен байланысты мобильділіктің тік және көлденең сызықтың бойымен болатын екі типі бар. Тік мобильдік — бір жіктен екіншіге жоғары өрлеу немесе төмен құлдырау бағытында ауысуының нәтижесіңде болатын индивидтің әлеуметтік жағдайының өзгеруі.

Британ әлеуметтанушысы Э. Гидденс тік мобильдікке жан-жақты талдау жасап, өз қоғамындағы төмен құлдыраудың себептерін адамның психологиялық күйзеліске ұшырауынан (мысалы, жақын адамынан айырылу, сәтсіздіктерге ұшырау, т.б.) деп түсіндірген. Индивид өзінің бұрынғы мәртебелік дәрежесінен айырылуына оның жұмысынан босауы да жатады.

Көлденен мобильдікте индивид тек көлденең сызық бойымен қозғалысқа түседі де, оның әлеуметтік жағдайы мен мәртебесі ешбір өзгеріске ұшырамайды.

Әлеуметтік мобильділік жеке немесе ұжымдық болуы мүмкін. Жеке мобильдік – жеке индивидтердің мобильділігі. Оның әлеуметтік ортадағы, қоғамдағы әсері әр түрлі болуы мүмкін. Ол көбіне индивидтің жеке қасиеттеріне байланысты. Ұжымдық мобильділік қоғам өмірінде, құрылысында ірі өзгерістер тудырады. Бұл экономикалық немесе саяси-идеологиялық салада кездеседі.

Әлеуметтанушылар сондай-ақ мобильділіктің екі құбылыстық өлшемін атап жүр. Олар — мобильдіктің жылдамдығы және көлемі. Әлеуметтік мобильділіктің жылдамдығы белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі әлеуметтік иңдивидтің жоғары өрлеуі немесе төмендеуінің қарқынымен өлшенеді. Жоғары өрлеу мен төмендеудің уақыты әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, біреулер жылдам жоғары мәртебеге ие болып жатса, екінші біреулер ондай дережеге түрлі сатылардан өтіп, ұзақ уақыт жібереді. Ал мобильдіктің көлемі өзінің әлеуметтік мәртебесін өзгерткен индивидтердің санымен өлшенеді.

Әлеуметтік мобильдіктің жылдамдығы мен қарқыны неге байланысты деген сұрауға ғалымдар әр түрлі пікірлер білдіреді. Дегенмен бұл, біріншіден, жеке тұлғаның сапалық қасиеттеріне байланысты; екіншіден, жеке адамның тік өрлеу бағытында қоғамның қуатты экономикасы мен саяси жүйенің демократиялық сипатына байланысты. Дамыған елдерде халықтың үштен екі бөлігі мобильді болып келеді және тік өрлеу бағытындағы мобильдік үдерісі көбірек. Американ әлеуметтанушылары АҚШ-тағы әлеуметтік мобильдіктің қарқынын зерттеу нәтижесінде тік жоғары бағыттағы мобильдік басым деген қорытындыға келген. Батыс ғалымдары постиндустриалдық қоғамдарда «орта таптың» тік бағыттағы көтерілу үлесі өсіп отырғандығын айтады.

Әлеуметтік мобильділікке әсер ететін факторлар бар және олар микро және макро деңгейде қарастырылады. Бірінші деңгей индивидтің тікелей өзін қоршаған әлеуметтік орта, сондай-ақ өзінің өмірлік ресурстары. Екінші деңгей – бұл қоғамдағы экономиканың жағдайы, ғылыми-техникалық даму деңгейі, саяси режимнің сипаты және т.т.

Be the first to comment on "Әлеуметтік мобильділік және оның түрлері."

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.