Ең қымбат бензин Қазақстанда

167 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 09 10 2017 00:33

Елімізде бензиннің бағасы біртіндеп қымбаттауымен де ерекшеленуде. Бұл тәсіл бұқараның наразылығын тудырмау үшін тиімді болып тұр. Аптасына немесе жарты айда қосылатын екі-үш теңгеге көнбіс халықтың еті үйренді, елең қылмайды. Әйтпесе, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, халықтың жан басына шаққандағы табысымен есептегенде әлемдегі ең қымбат бензинді сатып отырған ел екенбіз.

Жыл басынан бері елімізде жанармай бағасы үш рет қымбаттады. Ақпан айының өзінде жанармай бекеттері таблодағы баға көрсеткішін екі рет алмастырды. Тәуелсіз сарапшылар бензин қымбаттауын еш негізсіз деп есептейді. Ақпанда екі рет қымбаттаған АИ-92-нің бағасы наурызда тағы 3 теңгеге көтерілді. АИ-95 пен АИ-96 болса 152-ден 155 теңгеге дейін шарықтады. «Біздің бағаларымыз Ресейдегі бағаларды үнемі қуып отырады. Шенеуніктеріміз де әлемдегі ең арзан жанармай Қазақстанда екенін айтудан шаршаған емес. Бірақ, олай емес. Егер бензин литрінің бағасын долларға шақсақ иә, арзан болады. Бірақ, бұл бағаны Қазақстандағы орташа жалақымен салыстырсақ әлемдегі ең қымбат жанармай біздің елде болып шығады деп түсінеді. Ал, бағаның өсуіне себеп — Қазақстанның Ресей нарығына тәуелділігі. «Біздің нарығымыздың үштен бір бөлігі Ресейге тәуелді. Ал, Ресейде жанармай бағасының қымбат екені белгілі. Бірақ, оларда бағаны қалыптастыру бізден өзгеше. Мәселен, бізде жанармай бағасының 60 пайызы — шикізат, 15 пайызы — салықтан тұрса, Ресейде, тек 6 пайызы ғана шикізат, 60 пайызы салықтан құралады. Яғни, Ресейде жанармай ақшасының 60 пайызы бюджетке түссе, Қазақстанда 60 пайыз жанармай сататын кәсіпкерлердің қалтасына түседі»

Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халықтың орташа табысы мен бензиннің бағасын салыстырып көрмепті. «Бірақ Ресейді алып қарасақ, онда АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы 180 теңгеден асады. Әрине, Еуропамен салыстырсаңыздар, баға басқаша болады», — дейді министр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, биыл екінші жартыжылдықта Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталады. Содан кейін елімізде Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сай жанармай мен дизель отыны шығарылатын болады. Ал, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін бітуі тиіс. Сондай-ақ, министр келер жылдан бастап елімізде АИ-80 маркалы бензин шығарылмайтынын хабарлады.

Айтпақшы, ақпан айындағы мәліметтер бойынша, бензин ең арзан ел Вэнесуэла екен. Мұнда бензин бағасы литріне 2,83 теңге. Одан кейінгі Сауд Арабиясында 78,04 теңге. Ең қымбаты Норвегияда — 1 литр бензиніңіз 627,10 теңге тұрады. Бұдан бөлек Швецияда  — 469 теңге, Италияда  — 446 және Ұлыбританияда  — 443 теңгеден сатылады. Бірақ бұл ел тұрғындарының орташа табысы жоғары екені мәлім.

Be the first to comment on "Ең қымбат бензин Қазақстанда"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.