Ауылда тұрып бизнес бастауға бола ма?

101 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 14 11 2017 12:20

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мамандары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру шеңберінде ауыл азаматтарына бизнестің қыр-сырын үйретуді жыл басында бастаған болатын.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша өңірдің бес ауданынан (Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Теректі) іріктелген ынталылар тобы алты кезеңге бөлініп, әрқайсысы 1 ай сабақ алуда. Кәсіппен бұрыннан айналысып жүріп, ісін кеңейтуді ойлаған немесе кәсібін жаңадан бастағысы келіп жүрген ынталылар күніне 8 сағаттық дәріске қатысады. Бұл оқу барысында бизнес ашу және оны жүргізу аспектілері жайында айтылып, кәсіпкерлік негіздері бойынша жеке кеңестер берілуде.

Өңіріміздегі маңдайалды кәсіп иелерінің еңбегінен мысалдар баяндалып отырады. «Бастау бизнестің» мақсаттары мен міндеттері, «Бизнес-сананың психологиясы», «Бизнес-идеяны таңдау» сияқты тақырыптар талқыланып, егжей-тегжейлі ұғындырылуда.

Бір айта кетерлігі, бұл бағдарлама бойынша білім алушылардың жасына шектеу қойылмайды. Бүгінгі таңда «Бастау бизнес» сабақтарының үш кезеңі аяқталып, Батыс Қазақстан облысының 5 ауданынан 456 адам арнайы курстан өтіп үлгерді. Төртінші кезеңде 150 адам дәріс алып жатыр. Жыл соңына дейін барлығы 938 адам қамтылады деп күтілуде.

Мемлекеттен қолдау болса, кәсіптің көзін ашуға болатынын кәсіпкер азаматтар дәлелдеп жүр. Тек ынта керек. Егер дәріске қатысушылардың бәрі оқуды толық меңгерсе, ізденістерін одан әрі жалғастырса, барлығы да комиссияның сынынан сүрінбей өтіп, тиімді несиеге қол жеткізетіні анық.

– Облыстық кәсіпкерлер палатасының бастауымен 2016 жылы 304 кәсіпкерлік нысан өздерінің жобаларын іске асыру үшін жалпы сомасы 1 664 743 500 теңге қаржы алды. 228 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастады. Сондай-ақ, 8 инвестициялық жобаға бизнес-жоспар дайындалып, оның 4-еуі мемлекеттен қолдау тапты, – дейді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірігіп, аудандарда микрокредиттік жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл жоба бойынша ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті әкімдік пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ әрқайсысы 300 миллион теңгеден қаражат шығармақ. Жиналған 600 миллион теңге өз кәсібін жаңадан бастаған ауыл кәсіпкерлеріне 7 пайызбен несиеге беріледі.

«Бастау бизнес» мектептері еліміздің 80 ауданында іске қосылған екен. Ал Батыс Қазақстан облысынан бүгінге дейін 80 ауылдан 500-ге жуық адам кәсіпкерлік әліппесін оқып үлгеріпті. Курс біткен кезде тыңдаушылар сертификат алып қана қоймай, өз ісін де аша алады. Өйткені, бизнес-жаттықтырушылар өз тыңдаушыларына бизнес-жоспар жасауға жәрдемдеседі, мемлекеттік демеу­қаржыны алуға қажетті құжаттарды жинауға, жер қатынастары, лицензия алу, салық заңдылықтары мәселелеріне көмектесіп, ақыл-кеңес береді.

Бұл жоба негізінен жұмыссыз жүрген ауылдықтарға және өз күнін өзі көріп жүрген жандардың кәсібін жолға қойып, одан әрі дамытуға арналған. Бағдарламаның басты жаңалығы да сол – қызықты, болашағы бар жоба ұсынылса, оны сол мезетте қаржыландырудың мүмкіндігі бар.

– Біздің алдымызға келіп, кәсіпкерлік сабағын алып жатқан ауылдықтардың ең жасы 19-да болса, ең үлкені 62 жаста екен. 30 күндік дәрісте 12 түрлі пәннен сабақ беріледі. Ауылдықтарға ыңғайлы болуы үшін сабақ та тұрғылықты жерде ұйымдастырылған. Зеленов ауданына қарасты Переметный, Мичурин ауылдық округі мен Дариян селосында біз 93 адамды оқыттық. Алғашқы екі кезеңде оқыған жас кәсіпкерлердің қатарынан 23 адам өз жобаларын ұсынып, жалпы көлемі 100 млн теңгеге жуық қаржы алып үлгерді. Өткен үш кезеңде 4 адам өз кәсібі үшін жер телімін алса, 5 адам өз қаржысына жаңа кәсіп бастады, – дейді бизнес-тренер Қуанышбек Ерниязов.

Әрине, ауылдың күн көрісі мал арқылы болып тұр. Сондықтан да «Бастау бизнес» жобасы арқылы қаржыландырылған жобалардың да 80 пайызы мал шаруашылығы саласына тиесілі екен. Соның ішінде мал бордақылап сатам деушілер көп. Зеленов ауданына қарасты Трекин ауылында тұратын Данияр Капушов пен Мейірхан Иманғалиев өз ауылынан асыл тұқымды ангус бұқалары мен қашарларын сататын станса ашыпты. Он жылдан бері ет сатумен айналысқан ауылдастар Қостанай облысы Қарабалық ауданында орналасқан «Север-Агро Н» ЖШС-мен әріптестік байланыс жасап, етті бағыттағы абердин-ангус асыл тұқымды сиырларын өсіретін белгілі шаруашылықтың облыстағы өкілдігін ашқан. Австралия мен Канададан әкелініп, қазақ топырағына әбден бейімделген мұндай қара сиырлар бұл өңірде бұрын жоқ еді.

– «Бастау бизнес» – керемет бағдарлама болды. Бизнестің қыр-сырын үйрендік. Қазір бұл сиырларды жеке аулада ұстап отырмыз, болашақта арнайы үлкен мал қорасын саламыз. Сиырдың бұл тұқымы тез өсіп-жетіледі, еті көп, салмақты. Бұрын ангус сиырын алғысы келетіндер өзге өңірге сабылса, енді кез келген көлемде жақын жерден, бізден ала қояды. Малдың барлық құжатын, екпе шарттарын түгел сақтаймыз, – дейді Мейірхан Иманғалиев.

Ерлі-зайыпты Тохир Жаббаров пен Дарья Колпакова 4 млн теңге несие алып, 24 бас сиыр сатып алған. Несие 6 пайыздық жылдық өсіммен 6,5 жылға берілген.

– Алғашқы төлемді 9 айдан кейін ғана жасаймыз, бұл бізге өте қолайлы, – дейді Садовый ауылының тұрғыны Тахир Жаббаров.

Дариян ауылында тұратын 19 жасар Артур Озеров 13 жасынан бастап еңбекке араласқан екен. Жас кәсіпкердің әр сөзі нық, болашағы жоспарлы.

– Мектепте оқып жүріпақ қарбыз саттым, металл сынықтарын тапсырып, ақша табуды үйрендім. Бір күні әкем кілем жуу туралы ұсыныс айтты, құрал-жабдығын да алып берді. Ауылдың әр бұрышына жарнамамды іліп, тапсырыс түскен үйдің кілемін өзім алып кететін болдым. Қазір мені бүкіл ауыл біледі. Телефон шалса болды, өзім барып, кілемін жуып, тазартып апарып беремін. Қазіргі табысымның дені осы кәсіптен түсіп тұр, – дейді Артур.

Артур Озеров өз қаражатына автокөлік жуатын орын ашып қойған. Сонымен бірге, «Бастау бизнестің» дәрістеріне қатысып, кәсіпкерлікті дамытудың қыр-сырын да үйреніпті.

– Артур бізде оқып жүріп кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын таңдай бастады. Мал алып бордақылау, дүкен ашу секілді идеялар болды. Бірақ біз ақылдаса келе монша салуды ұйғардық. Өйткені, Артурдың осы кезге дейін машықтанған ісімен бағыттас, – дейді Зеленов ауданы бойынша бизнес-жаттықтырушы Қуанышбек Ерниязов.

– Көлігін жуғызуға келген адам әзір тұрған моншаға кіріп, өзі де тап-таза болып жуынып алуға қарсы болмас, – деп күледі Артур.

Жастығына қарамай екі адамға жұмыс беріп отырған кәсіпкердің жоспарына, жігеріне риза боласыз. Достық ауылында тұратын Сабырғали Сисенов те «Бастау бизнес» дәрісінен кейін 3,4 млн теңге несиеге күнбағыс майын шығаратын шағын цех сатып алған. Ол бұрын көп жыл базарда шемішке сатқан екен.

Кәсіпкерлік сабақтары Теректі ауданында да белсенді өтіп жатыр. Алғашқы үш кезең бойынша 101 теректілік бір айлық курста бизнестің қыр-сырына қаныққан. Солардың бірі Байжан Исеев Шаған ауылдық округінде қасапхана ашуға бел байлапты. Орал қаласына жақын орналасқан бұл ауыл тоғыз жолдың торабында тұр. Бүгінде жаңа ветеринарлық талаптар бойынша мал тек арнайы орындарда сойылуы тиіс. Міне, Байжан Жәрдемұлы дәл осы қызметті қолға алмақшы. Бірақ, заманауи қасапхана салу үшін көп қаржы керек. Бүгінде Б.Исеевтің бизнес-жоспарына сәйкес керекті 20 млн теңге несие мәселесі Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бас кеңсесінде талқыланып жатыр екен.

Міне, Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» Батыс Қазақстан өңірінде жүзеге асыру мақсатына биыл 3616,4 млн теңге бөлінген екен. Бұл, әрине, аз қаражат емес. Бірақ бұл қаржыны құр үлестіріп беру де дұрыс емес.

«Мұқтаж жанға жейтін балық берме, сол балықты аулайтұғын қармақ бер» – «Бастау бизнестің» қағидасы осы.

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген автор

https://egemen.kz/article/157191-auylda-turyp-biznes-bastaugha-bola-ma

Be the first to comment on "Ауылда тұрып бизнес бастауға бола ма?"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.