Биыл СҚО құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 22,5 млн теңге шағын несие берілді

119 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 14 11 2017 12:17

Құс өсірумен айналысатын шарушылықтарға жеңілдіктер бар. Олар қаржы ұйымынан алған негізгі қарызды 9 ай өткеннен кейін қайтара бастайды. Шағын несиенің пайыздық ставкасы мен үстемеақысы айтарлықтай көп емес. Мәселен, Қызылжар ауданындағы «Ғаббассов» жеке кәсіпкерлігі мемлекеттен 4 млн теңге алып, берешекті 5 жылдың ішінде 700 мың теңге үстемеақысымен қайтаратын болған.

Берік Қасен – тілші:

— Мына жерде қаздың жеті түрі жүр. Оны жеке кәсіпкер Жанат Ғаббасов шілде айында Башқұртстанан алып келген. Бастапқыда бір ай бойы арнайы құрама жеммен азықтандырыпты, одан кейін бидай мен сұлыға көшкен. Қазіргі таңда қаздардың салмағы 3 келіге жетіп қалған.

Асыл тұқымды құстардың тіршілікке қабілеттілігі жоғары. 2 мың бастан 1 800-і қалған.

Жанат Ғаббасов — жеке кәсіпкер, Шаховское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— «Италиянка», «Линда», «Арслановская помес», «Африканско-кубанский», «Калмагорский» деген тұқымдар бар. Қаздардың күті мен жем-азығы жақсы болса, олар 3-тен 9 келіге дейін тартады.

Іскер азаматтың сөзінше, қанаттыларға күн сайын 500 келі жем-азық кетеді. Құстар азық талғамайды. Суыққа төзімді. Оларды -30 градус аяздарда далада ұстауға болады.

Суға жиі шомылған қаздар тез жетіледі. Дегенмен, шағын көлдер Шаховское селосынан алыс орналасқан. Сондықтан Жанат шұңқырды орамның ішінен қазып алған. Тереңдігі 7,5 метр.

Жаз мезгілінде шұңқырдағы суға «Чили Вили» тұқымдас үйректері де шомылған. Жерлесіміз қанаттылардың бұл түрін Башқұртстан елінен алдыртыпты. Басында 300 болған. Содан 76 пайызы тірі қалған. Іскер азамат қараша айында қанаттыларды сойып, етті Петропавл және Астана қалаларының алып-сатарларына өткізбекші.

Кәсіпкер құстарға деп екі қора салыпты. Құрылыс нысандары 150 шаршы метр аумақты алып жатыр.

Қаз, үйрек, қора, жем-азық. Жанат Ғаббасов осының бәріне 4 млн теңге жұмсаған. Қомақты қаражат өзінде болмағасын, мемлекеттің қолдауына жүгініпті. Петропавл қаласындағы 3 бөлмелі пәтерін 5 жылға кепілдікке қойып, жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен шағын несие ресімдепті.

Жанат Ғаббасов — жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданының тұрғыны:

— Несиені Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорыннан ресімдедім. 4 млн теңге қарыз алдым. 5 жылға бөліп төлеймін. Негізгі берешекке қосылған үстемеақысы небары 700 мың теңге. Бұл шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрғандар үшін үлкен демеу.

Құс өсірумен айналысатын шарушылықтарға жеңілдіктер бар. Айталық, негізгі қарызды заемшылар 9 ай өткенен кейін қайтара бастайды.

Елнұр Сыздықов — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ несие менеджері:

— Үстіміздегі жылы «АШҚҚ» АҚ СҚФ 2 млрд 283 млн 200 мың теңгеге 642 жоба, соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 1 млрд 15 млн 200 соммасына 303 жоба қаржыландырылды. Оның 14 немесе 22 млн 585 мың теңге құс шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Осы тұста шағын несиенің бәріне бірдей қолжетімді емес екендігін айта кеткен жөн. Қарыз жылжитын және жылжымайтын мүліктері бар тұлғаларға ғана беріледі.

Берік Қасен, МТРК телеарнасы 

http://mtrk.kz/kz/mtra-zhanalyktar/auyl-sharuashylygy/22562-biznes-na-sele-realnyj-primer.html

Be the first to comment on "Биыл СҚО құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 22,5 млн теңге шағын несие берілді"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.