Отандық экспорт көлемі 22 пайызға артты

10 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 20 12 2017 22:16

Биыл отандық экспорт көлемі 22 пайызға артып, 11 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгін Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, ферроқорытпа, мұнай өнімдері, мыс, мырыш сынды шикізаттарды сату көрсеткіші өскен. Бүгінде Қазақстан ірі экспорттаушы елдердің арасында 52-ші орынды иеленіп отыр. Еліміз әлемнің 113 мемлекетіне 800-ден астам тауар түрін сатады. Мәселен, Түрікменстан, Тәжікстан мен Әзербайжанға электровоз және тепловоз жөнелтілсе,  Қытай мен Өзбекстанға темір тұлпарларымыз саудаланып отыр. Ал Таяу Шығыс, Кавказ бен  Беларусь Республикасы  еліміздің аккумуляторын  сатып алуға мүдделі. Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: – Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шетелдерге жеткізілетін өнімнің 3-тен бір бөлігі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. 2017 жылдың 9 айында  өңделген тауар экспорты 22 пайызға өсіп, 11 миллиард АҚШ долларынан асты. Осы саланы әрі қарай дамыту үшін Ұлттық экономика министрлігі шетелдік нарықтар мен отандық кәсіпкерлердің әлеуетін терең зерттеуге кірісті. Ведомство 40-тан астам тауар түрін ұсынғанымен, біздің бизнесмендер өнімдердің  8 түріне  ғана қызығушылық білдірген. Министр Тимур Сүлейменовтың пікірінше, бұл іскер азаматтардың  бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуымен байланысты. Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі: – Біз кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін бір терезе жүйесін дамытамыз. Заңға 1100 түзету енгізіп, бизнесмендерге көптеген жеңілдіктер ұсынуды көздеп отырмыз. Көліктік шығындарды азайтып, рұқсат беру механизмін жақсарту – біздің басты қағидамыз. Осының арқасында бизнес ортадағы жағдай реттеледі деген сенім мол. Ал ауыл шаруашылығы саласында бәсеге қабілетті кәсіпорындар аз емес. Биылдың өзінде экспортқа жөнелтілген азық-түлік құны 1 жарым миллиард доллардан асты. Оның 10 пайызы – өңделген өнім. Ауғанстан, Араб әмірліктері мен Иранға ет өнімдері, ал Қытайға өсімдік майы мен бал сатыла бастады. Авторлары: Дариға Ташенова, Наурыз Базаров

 www.24.kz

Be the first to comment on "Отандық экспорт көлемі 22 пайызға артты"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.