ОҚО-дағы балық зауыттар маман тапшылығын сезінбейтін болады

10 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 20 12 2017 22:11

Кадр мәселесін Шардарадағы №16 колледж ұжымы дуалдық оқыту жүйесі арқылы шешуді қолға алған. Жыл санап өндірісі өркендеп келе жатқан өңірдегі кәсіпорындарға қажетті балықшы мамандар кәсіптік білім беру мекемесінде даярланады. Сондай-ақ мұнда баршаға техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасымен жүзден астам азамат қысқа мерзімдегі курстарда білім алады. Зауыт салып, заманауи құрылғы сатып алуға болады. Алайда оны игеретін бәсекеге қабілетті маман қажет. Ал Шардара қаласындағы №16 кәсіптік колледж кәсіпорындарға қажетті кадрларды дайындауда. 44 жылдық тарихи бар орта арнаулы оқу орнында 11 мамандық бойынша 700 ден аса студент білім алып жатыр. Солардың бірі – Жандос Құдайбергенов. 2-курста оқитын болашақ энергетик қазірден өз ісінің шебері атанып үлгеріпті. Ол қазір кәсіптік оқу орындары арасында өтетін «World Skills Kazakhstan» байқауына дайындық жүргізуде. Жандос Құдайбергенов, студент: – Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл жерде алып жатқан білімім мен тәжірибем жеткілікті деп айтсам болады. Мен ең алғаш үй монтажын жинаудан бастадым. Қазіргі таңда магниттік қосқышты жинай аламын. Колледж 2014 жылдан бері дуалдық оқу жүйесіне көшкен. Осының арқасында өңірдегі балық зауыттарына қажетті маман даярлауда. Екі жақты меморандум жасасып, жұмыс берушінің өтінішімен «Техник-технолог», «Балықшы» мамандығы бойынша студенттерді оқып жатыр. Зауыттағылар дуалдық оқыту бағдарламасы өндірістің дамуына қосымша серпін беретініне сенімді. Оразбай Оспанов, балық зауытының атқарушы директоры: – Біздің зауыт өнімдерін экспортқа шығарады. Еуропаға балық өнімдерін жіберу үшін кәсіби мамандар керек. Бұрын маманды сырттан алдыратын болсақ, қазір заман талабына сәйкес, өзіміз дайындау мәселесін көтердік. Кәсіптік білім беру мекемесінде оқу бағдарламалары модульдік оқыту жүйесіне бейімделіп жасалған. Тіпті шалғайдан келетін ауыл балаларын жатақханамен де қамтыпты. Мемлекет басшысының «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бойынша мұнда 120 адам 3 айлық курста білім алуда. Мақсат – еңбек нарығының талаптарына сай сапалы маман шығару. Зәкірхан Талбидин, №16 колледж директоры: – Бос жүрген азаматтарды, оқу бітірген және оқуға түсе алмай қалғандардың барлығын жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, солардың жолдамасымен осында тегін, толыққанды оқытып, жатақханамен қамтып, бір мезгіл ыстық тамақ және ай сайын шәкіртақы, жылына екі рет жол жүру қаражаты берілгенін айтып өтуіміз керек. Мұндағы инженер-педагог кадрлардың 85 пайызы, студенттердің 75 пайызы ғылыми-шығармашылық жұмыстарымен айналысады. Колледж студенттері оқу мен ғылымда, мәдениетпен спорт салаларында да үлкен жетістіктерге жеткен. Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов
www.24.kz

Be the first to comment on "ОҚО-дағы балық зауыттар маман тапшылығын сезінбейтін болады"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.