ОҚО-да 13 жоба жүзеге асырылып жатыр

23 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 20 12 2017 22:38

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен 13 жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы құны 9 миллиард теңгеден асатын құрылыстың 12-ін отандық кәсіпкерлер қаржыландырған. Оның сегізі білім, үшеуі спорт кешені, қалған екеуі денсаулық нысаны. Жобаның ең үлкені – 350 орындық балабақша мен бір сәтте 500 адамға қызмет көрсететін емхана. Ал Түрік инвесторы қалалық жедел-жәрдем станциясын жаңғыртуды жүргізеді. Алдағы уақытта өңірде әріптестік аясында 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде «Ақылды қала», елді мекендердегі инфрақұрылым, шалғай ауылдардағы әлеуметтік мәселелер де толық қамтылған. Жергілікті билік барлық саладағы түйткілдің түйінін осылай тарқатпақ. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы құрылысқа қажетті жер телімдері тегін беріледі. Нысанға кәсіпкер 16 жыл иелік етеді. Жыл сайын басқарғаны үшін сыйақы да алады. Одан бөлек құрылысқа кеткен шығын түгел қайтады. Талап та жоғары болады. Мұрат Төлтебаев, серіктестік басшысы: – Әлеуметтік мәселелердің барлығын бюджеттен бірден шешу мүмкін емес. Сондықтан да осы әріптестіктің арқасында мемлекет қаржысы 4-5 жылға бөлінеді. Коммуналдық жағын да іске асыруға болады. Қазір ауылдарымыз әлі де балабақшамен толық қамтылмаған. Кейбіреулері сумен қамтамасыз етілмеген. Және ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де өзіне керекті су қоймасы мен каналдарын осы әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады. Арман Сәбитов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: – Бүгінгі таңда қалалық жедел жәрдем станциясын модернизациялау жобасын шетелдік инвестор қаржыландырып отыр. Одан кейін денсаулық сақтау саласын автоматизациялау қажет. Ол бойынша да шетелдік инвесторымыз бар. Қаладағы онкологиялық орталыққа да шетелдіктерді тартамыз. Келісім жүріп жатыр. Жыл соңына дейін шешіледі деп ойлаймын.

www.24.kz

Be the first to comment on "ОҚО-да 13 жоба жүзеге асырылып жатыр"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.