ОҚО: «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығы абаттандырылып жатыр

7 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 20 12 2017 22:19

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауы халықтың рухани тынығатын және тарихпен танысатын орнына айналмақ. Ол үшін «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығын абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Онда түрлі шара өткізетін амфитеатр және өткеннен мағлұмат беретін музей салу жоспары бар. Ордабасы – нәубет заман Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейін қазақ халқының еңсесін қайта тіктеп, ары қарай бірлікте болуға келіскен жер. Осында үш жүздің биі бас қосып, жоңғар шапқыншыларына қарсы қол жинауды бастайды. Бұл қазақтың жоңғарларды талқандайтын күшінің біріккен жері. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ордабасыда түркі тілдес, көрші үш мемлекет –Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның басшылары кездеседі. Мұнда тарихи-мәдени қорық құрылған. Бақытжан Әшірбеков, облыстық қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі : — Ордабасы – қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, ынтымағын насихаттайтын, бүкіл еліміздің рухын көтеретін киелі орын. Сондықтан да оны қайтадан жаңғыртып, елімізді үлгі көрсететін, өзінің кие тұтатын орнына ту тіксек деген ойымыз бар. Шығысында қарт Қаратау мен ақбас Алатау, оңтүстігінде дана Қазығұрт көрініп тұрған Ордабасының айналасы жазық дала. Жергілікті билік бұл жерді табиғатты тамашалап қана қоймай, рухани тынығып, ойын тазартатын орынға айналдырмақ. Рашид Қайыпжанов, Ордабасы ауданының әкімі: — Абаттандыру жұмыстары да сол бағытта жүргелі жатыр. Соған халық барған кезде ескіден, тарихтан сыр шертетіндей, содан бір жақсы әсер алатындай көріністі «Рухани жаңғыру» аясында жасаймыз. 1000 гектар аймақты алып жатқан қорықта табиғатпен үйлесіп жататын амфитеатр салынады. Ел үшін маңызы зор тарихи сәттерді еске түсіретін архитектуралық мүсіндер орнатылмақшы. Сонда Ордабасы тауы өңірдегі ірі туристік әрі рухани орынға айналады.  Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов

www.24.kz

Be the first to comment on "ОҚО: «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығы абаттандырылып жатыр"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.