Талдықорғанда қылмысын жасырған ұшқыш ақыры сотталды

87 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 16 01 2018 00:30

Өтірік өрге баспады. Осыдан екі жыл бұрын апатқа ұшыраған Су-27 ұшағының штурманы төрт жылға сотталды. О баста қозғалтқыш істен шығып, амалдың жоқтығынан секіріп кеттім деген Әділбек Ысқақовтың өзі осы жайтқа айыпты деп танылды. Жанармайдың бар-жоғын тексермеген ұшқыштың «ұшқалақтығы» ұзақ тергеу мен зерттеуден кейін дәлелденген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қарақан басының емес, халықтың қамын ойлап ұшақты қауіпсіз жерге құлаттым деген Әділбектің әрекетіне сол кездерде көпшілік сүйсінген де еді. Қозғалтқыш істен шығып, 800 метр биіктіктен секірген Ысқақов аман қалып, отбасына оралғасын болған жайды тебірене баяндады да.

«Түнгі оқу-жаттығу жұмыстарын аяқтап, Талдықорған аэродромына қонуға бет алғанда ұшақтан ақау шықты. Көп ойланбастан айналасы 30-40 секунд ішінде әуе техникасын ауыл-аймақтан алшақтау жерге бағыттап, өзім секіріп кеттім. Өйткені, ең алдымен халықты ойладым. Оларға қайғы әкелгім келмеді», – дейді 21751 әскери бөлімшесінің ұшқышы Әділбек Ысқақов.

Мамандар сол күні Су-27 бағытын өзгертпегенде Еңбек, Мойнақ ауылдарының үстіне құлайтын еді деп шұғыл шешім қабылдаған әріптестерінің әрекетін ерлікке де балады. Ұшаққа құйылған сапасыз жанармай жарға жықты деген болжамдар да айтылды. Бірақ, шынтуайтында ол ұшақта жеткілікті керосиннің болмағаны тергеу барысында анықталды. Қас-қағым сәтте қатермен беттескен ұшқыш байланысқа шыққан орталыққа жалған ақпарат берген екен.

«Шындықты айтпай қате ақпарат берген. Аталған ұшқыштың бұл әрекеттері ұшудың күрделі әрекеттерін тудырған. Қылмыстық істің қаралу қорытындысы бойынша сотпен ҚР Қорғаныс министрлігінің қылмыстық құқық бұзушылық туралы қылмыстық іс қозғау себептерімен жеке қаулы шығарды. Аталған үкім бүгінгі күні әлі күшіне енген жоқ», – дейді Талдықорған гарнизонының әскери сотының төрағасы Ринат Ақпар.

Осылайша, ұшқыш өз салақтығынан опық жеді. Қылмыстық кодекстің 464 бабы бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан былай көкке қалықтауына жол кесіліп, «қанаты» қайырылды.

Айта кетейік, Су-27 ұшағы 2016 жылдың желтоқсан айында Талдықорғаннан 25 шақырым жерде құлаған-ды. Дәл осындай апат 2014 жылы Алматы облысында болды. Ол кезде де ұшқыш Ерлан Науанов пен Денис Горбунов ұшақты елді мекеннен алыстау жерге алып кетті. Бірақ, өздері ажал құшқан болатын.
Stan.kz

Be the first to comment on "Талдықорғанда қылмысын жасырған ұшқыш ақыры сотталды"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.