Бердібек Сапарбаев жолаушыларды тасымалдайтын барлық автобусты тексеруді тапсырды

21 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 22 01 2018 16:19

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жолаушылар тасымалымен тұрақты айналысатын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұған дейін өңір басшысы еңбек демалысынан соң бірден ауруханаға барып, автобус өрті кезінде аман қалған адамдардың жағдайын білген еді.

Облыс әкімі мұнан кейін әкімдікте жиын өткізіп, мемлекеттік органдардан жолдарда бақылауды күшейтуді талап етті. Сонымен қатар облыс басшысы тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.

«Ақтөбе облысы халықаралық көлік ағыны өтетін транзиттік өңір болып табылады. Болашақта осындай жағдайды болдырмау үшін көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция қызметі көлік прокуратурасымен бірлесе осы бағыттағы жұмыстарды күшейтулері керек. Біздегі қалааралық және халықаралық тасымалмен айналысатын барлық автобустарды тексеру қажет», -деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметі өңір басшысы Ырғыз ауданындағы автобус өртенген жерде жұмыс істеген барлық шұғыл және жедел қызметтерге алғысын білдіргенін хабарлады.

«Құтқару қызметтері, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен барлық мемлекеттік органдар тәулік бойы үйлесімді әрі жедел түрде жұмыс істеді. Сол үшін сіздерге көп рахмет.

Ең алдымен Өзбекстан тарапы ризашылығын жеткізді. Біздің тарапымыздан оларға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілді. Бұл сұрақ бірінші күннен бастап-ақ Мемлекет басшысының жеке бақылауында»,- деп атап өтті облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетсек, 18 қаңтарда сағат 10.30 шамасында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Қалыбай ауылынан он шақырым жерде ішінде 57 жолаушы бар автобусы өртеніп кетті.  Оқиға орнында 52 адам қаза тапты. Олардың барлығы Өзбекстан азаматтары. Өрттің негізі себебі отты абайсыз пайдалану болып отыр.

Stan.kz

Be the first to comment on "Бердібек Сапарбаев жолаушыларды тасымалдайтын барлық автобусты тексеруді тапсырды"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.