ОҚО-ДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА ЖАҢА БАҒЫТТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

7 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 22 01 2018 16:08

Оңтүстік Қазақстан облысы өндіріс ошақтарын көбейтіп, барлық салада қайта өңдеу ісін жандандыруы қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалану аса маңызды болмақ. Сондай-ақ, өңірімізге келетін импорт ағынын азайтып, экспорт көлемін арттыруға күш салуға тиіспіз. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында өткен жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Б. Жамалов, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды – инновациялық даму басқармасының басшысы Б. Құрмансейіт, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры А. Әбубакиров және филалдың бөлім басшылары қатысты.

Өңір басшысы алдымен Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жүктеген негізгі басымдықтарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді баяндады.

«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығы мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау. Десек те, бұл ұйым облыс экономикасын өркендетуге қатысты барлық салалық басқармалармен бірлесе жүйелі жұмыс істеуі қажет. Осы ретте индустриалды аймақтар мен «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы секілді басқа да қаржылық құрылымдармен тығыз байланыста болуларыңыз керек», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасының құрылымы 177 мың кәсіпкерлік субъектілерінен және 14 аудандық филиалдан тұрады. Бұл үлкен күш. Осыны ескерген өңір басшысы палата басшылығына сараптамалық бөлім ашуды тапсырды. Аталған бөлім облысымыздағы экономикалық даму көрсеткіштерін жан-жақты саралап, нақты ақпараттармен қамтамасыз етіп отыратын болады.

Жиынды қорытқан облыс әкімі азаматтарды барлық салаға бейімдеу үшін алдағы уақытта қысқа мерзімдік оқыту үрдісі қолға алынатындығын жеткізді. Сондай-ақ, палата қызметкерлеріне бизнес жоба әзірлеуде ішкі нарықты әбден зерттеп, жобаның тиімділігіне көз жеткізіп алуға кеңес берді.

Жиын соңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры А. Әбубакиров өңір басшысын жаңа жобалармен таныстырды. Ол 2017 жылы филиал тарапынан 24120 кәсіпкерге кеңес берілгенін, сонымен қатар 1124 бизнес жоспар әзірленгенін жеткізді. Сондай-ақ, мұнда өткен жылы 3173 рұқсат құжаттары рәсімделген. Филиалдың кәсіпкерлік мектебінде жыл бойында 2014 азамат кәсіпкерлік негіздері курсында дәріс алған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Be the first to comment on "ОҚО-ДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА ЖАҢА БАҒЫТТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.