Созақ жастары Біржан Жақыппен кездесті

35 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 01 02 2018 18:21


Бүгін Созақтың жастары осы өңірдің тумасы, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыппен кездесті. Даңықты боксшымен кездесуді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен кездесу Шолаққорған орта мектебінде өтті. Аудан әкімі аппаратының басшысы Қалдыбек Оразов құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі кездесудің маңыздылығын атап өтті. «Әлемдік аренада ел намысын қорғаған спортшының жастармен кездесуі, өскін ұрпаққа шабыт сыйлап, алдағы өмірлеріне бағыт бағдар береді. Біржандай азаматпен, ауданымыз, жалпы қазақ халқы мақтанады»,- деді Қалдыбек Әбілдаұлы.
Даңықты спортшымен кездесуде мектеп оқушылары, жастар, жас спортшылар ойларындағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Өз кезегінде Біржан Жақып, жастарға «сабақты жақсы оқып, спортпен айналысыңдар, түрлі үйірмелерге қатысып, уақытты тиімді өткізіңдер, ата-аналарыңмен ұстаздарыңды тыңдаңдар, бойларыңнан қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттер табылсын»,-деп ағалық ақылын айтты. Кездесу барысында, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жетілген Сармантаев, ардагер спортшысы Таужан Батыров, Жолдасбек Талымов сөз сөйлеп жүрекжарды лебізін білдірді.
Біржан Жақып аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс ғимаратында болып, балғын боксшыларға шеберлік сабағын өткізді. Бокстан аға жаттықтырушы Самат Сармантаевтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Туған жеріне келген Біржан Жақып, С. Қожанов атындағы аудандық музейде болып, ондағы тарихи мәдени жәдігерлерді тамашалады. Аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет, Бағдат Айдарбеков спортшыны қабылдап, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы: «Мұндай кездесу жастарды рухани дамытып, патриоттық сезімін ұлғайтады. Алдағы уақытта жерлесіміз Біржан Жақып атындағы бокстан республикалық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз»- дейді.
Жерлестері Біржанға оқалы шапан жауып, естелік сыйлықтар сыйлады.

Be the first to comment on "Созақ жастары Біржан Жақыппен кездесті"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.