ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ТЫҢ БАСТАМАЛАРҒА ҮНДЕЙДІ

104 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 02 02 2018 15:36

Елбасының әр жылғы Жолдауы — тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз.
Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауы ең алдымен біздің мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындаса, екіншіден, межеленген міндеттерді саралуға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Біз жыл сайынғы Елбасы жолдауын үмітпен күтуге дағдыландық. Жаңа мақсаттар мен міндеттердің, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын жолдау біріншіден «Қазақстан-2050» даму стратегиясына, 100 нақты қадам Ұлт жоспарына негізделіп, 10 нақты міндеттерді алға қойып отыр. Мемлекет басшысы қойылған міндеттердің әрқайсысына дәл түсініктеме бере отырып, оның болашақтағы тиімділігі мен нәтижесіне тоқталған. Сондай-ақ, онда ел дамуының әр саласындағы өзекті мәселелері қамтылған.
Жолдауда Президент қолдан келетін мүмкіндіктер туралы айтқан. Әсіресе, онда қызметтегі технологиялық жүйелік пен инфрақұрылымдық басқарудағы интеллектуалды жүйелер мәселелеріне баса назар аударылған. Бұл экономика үшін өте тиімді. Сонымен қатар Президент экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстарды басқару жолдарын қайта қарау маңызды екенін атап өткен. Бүгінде жаңартылатын энергия көздері әлемдегі электр энергиясы өнімінің төрттен бірін құрайды. Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде мамандар 2050-жылы бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді деп болжанып отырғанын айтты. Қазақстанда 2030-жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін 30 пайызға жеткізу көзделген. Президенттің айтуынша, кәсіпкерлер «жасыл экономикаға» көптеп инвестиция салулары керек. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңір әкімдеріне кіші және орта бизнестің қатысуымен утилизация мен тұрмыс қалдықтарын өңдеуді жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар атқаруды тапсырғанын ерекше атап өткім келеді.
Елбасымыз бекіткен «Жасыл экономикаға көшу» концепциясы аясында биылғы жылы Арыс қаласында қуаты 14 мегаватт болатын күн электр станциясын салу жоспарлануда. Станция құрылысына шамамен 12 миллион доллар бөлінетін болады. Мұндай келісімге 13-қаңтарда өткен Абу-Дабидегі IRENA ассамблеясының сегізінші сессиясында ҚР энергетика министрлігі қол жеткізіп отыр.
Мұнан да басқа аталған концепцияға сай былтырғы жылы Сайрам, Қазығұрт аудандарында екі шағын су электр станциясы ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, Шымкент қаласынан Орта Азияда теңдесі жоқ биогаз қондырғысы кешені іске қосылды. Бұдан бөлек, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында екі ірі күн электр станцияларының құрылыс жұмыстары бастау алды. 2018-жылы Төлеби ауданында қуаты 2,5 мегаватт шағын су электр станциясы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 мегаватт шағын су электр станциясы мен Отырар ауданында қуаты 35 мегаватт күн электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарланған.
Жолдауда адами капиталға айрықша орын берілген. Рас, адам біздің қоғамымыздың басты байлығы. Жас кезден бастап біздің еліміз адамның өсуіне, оның сапалы білім алуына, қоғамның белді де белсенді мүшесі болуға ден қоятыны баршаға аян. Жолдауда да осы міндеттерді шешуге басты назар аударылған.
Бұл тұрғыда облысымызда 1038 орта білім беретін мектептің 125-і Мақтарал, 85-і Түркістан, 56-сы Түлкібас аудандарында орналасқан. Облыс бойынша 94 орта арнаулы және 12 жоғары білім беретін оқу орындары болса соның 1 университеті мен 7 орта арнаулы колледждері Мақтарал ауданының еншісінде.
«Нұр Отан» партиясының «100 мектеп, 100 аурухана» сайлауалды бағдарламасынан бастау алған осынау игілікті іс күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Бір ғана өткен 2017-жылдың өзінде облысымызда 29,8 млрд. теңгеге 82 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысанның құрылысы аяқталған. Оның ішінде 8 мектеп апатты, 13 білім ұясы үш аусымды мектептер санатына жатады. Оның 3 мектебі Мақтарал, 6-ы Сарыағаш және 1-і Түркістан аудандарында пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы Мақтарал ауданында тағы 8, Сарыағаш ауданында 18, Түркістан ауданында 1 мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Осы орайда, Мақтарал ауданындағы 600 орындық «Фирдоуси», «Қажымұқан», «Т.Рысқұлов» мектептерінің «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқандығын айтып өткен жөн.
360 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтарал ауданында өткен жылы 7 денсаулық сақтау амбулаториясы мен фельдшерлік-акушерлік пункттер емдеу орындарының ғимараттары жаңадан салынып пайдалануға берілсе, Жетісай қаласы мен Мырзакент кентінде 1 күнде 500 адам қабылдайтын жалпы құны 3 млрд. 452 млн. 427 мың теңгеге заманауи емхана құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жолдауында ерекше мән берілген тағы бір дүние – баспана мәселесі. Қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында елімізде соңғы 10 жылда баспанамен қамту ісі бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, 21,6 шаршы метрді құрап отыр. Бұл әрине жақсы көрсеткіш. Биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың тоғыз ауданының 20 елді мекенінде тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Олар – Түлкібаста – 3, Төлебиде – 1, Отырарда – 2, Бәйдібекте – 2, Шардарада – 2, Созақта – 2, Арыста – 2, Кентауда – 3, Түркістанда – 3.
Сонымен қатар, Мақтарал ауданында да тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді. Осы мақсатта өткен жылы 344 жер телімі бөлініп, жалпы көлемі 24,9 мың шаршы метр 176 тұрғын үй құрылысына жер берілген. Алдағы уақытта Жетісай қаласының Оңтүстік бөлігінде Ынтымақ елді мекеніне дейінгі аралықта 80 га жер теліміне 60 пәтерлі 5 қабатты 2 тұрғын үй құрылысы, 20 пәтерлі 5 қабатты 4 тұрғын үй, 40 пәтерлі 5 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021-жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға ұлғайту керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында қазақстандық тауар өндірушілердің алдына осындай міндет қойды. Ол үшін өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет. Бұл ретте ауыл-аймақтарда кооператив құру маңызды.
Бұл бағыттар бойынша да елімізде ілкімді істер атқарылуда. Негізгі өнімін ауыл шаруашылығы саласынан алатын облысымызда бүгінде 1300 га жерге жылыжайлар салынған болса, оның 644 гектары Сарыағаш, 90 гектары Мақтарал, 65,7 гектары Түркістан аудандарында. Мұнда шаруалар тұтынушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, жылына екі рет өнім алады.
Ауыл шаруашылығын дамыту ісіне, оның өнімдерін терең өңдеуге «Нұр Отан» партиясының Мақтарал аудандық филиалы, оның бюросы және бастауыш партия ұйымдары ойдағыдай көңіл бөлуде. Бұл, әрине, оңай емес. Солай бола тұрса да, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісінде едәуір ілгерілеушіліктер бар. Мәселен, бүгінде ауданда мақта өсімдігінің қозапаясынан құрылысқа аса қажетті сапалы да қатты тақтайша түріндегі материалдар шығарылуда. Бұл тақтайшаны өндіретін зауыт жылына 5 мың текше метр үй құрылысына қажетті материалдарды өндіруде. Мақта шитінен аудан көлемінде адам денсаулығы үшін зарарсыз, яғни, холестеринсіз өсімдік майы да алынуда. Мақта талшығынан медициналық ваталар әзірленуде. Бұл бағытта алда әлі де жүзеге асырар істер аз емес дегіміз келеді.
Шаруалар жерді, ағын суды тиімді пайдаланып, агротехникалық шараларды негізінен уақтылы және сапалы атқара отырып, 631,4 мың тонна бақша, 86,6 мың тонна көкөніс, 25,3 мың тонна жүгері, 7401 тонна күріш, 365 тонна күнбағыс, 6,9 мың тонна жеміс-жидек, жүзім және басқа да дақылдар өндірді. Негізгі дақыл мақта шиті 94,8 мың гектарға себіліп, 219,3 мың тонна мақта шикізаты өндірілді. Өнімнің 60 % комбайндармен жиналды. Өнімділік 23 центнерді құрады. Бау-бақша өнімдері: қауын-қарбыздар жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірлеріне, ТМД елдеріне және Еуропаға жол тартуда.
Шаруаларға қажетті ағын су тапшылығын болдырмау мақсатында Мақтарал ауданында 1785 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы ендірілген.
Мұнан да басқа Мақтарал ауданында «Көлік-логистика инфрақұрылымын арттыру» мақсатында Азаттық елді мекенінен заманауи сауда логистикасының құрылысына 9 га жер бөлініп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 111 млн теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаражатқа 9 шақырым су құбыры, 3,5 шақырым газ құбыры мен 10,6 шақырым электр желісі тартылған.

Сондай-ақ, ауданда Индустриалдық аймаққа 27,8 га жер бөлініп, онда 12 кәсіпорынды орналастыру жоспарланған. Бүгінде өз кәсібін жүзеге асырушы кәсіпкерлерден 5 түскен ұсыныс тиісті құрылымдармен сарапталып, мақұлданған. Қазір 1 жоба жүзеге асырылып, тағы 2 жобаның жерге орналастыру құжаттары рәсімделуде.
Жолдауда, сондай-ақ, еңбектің зейнетін көріп жүрген алдыңғы ұрпаққа нақты көмек көрсету жайы да өз көрінісін тапқан. Еліміз қашанда өз елінің азаматтарына нақты қамқорлықты танытуды мемлекеттік дәрежеге көтергені шынайы алғыс сезімін туындатады.
Облыстық филиал өз жұмысын уақыт талабына сай жүргізуді өз міндеті деп біледі. Сондықтан да біздер, «Нұр Отан» партиясының әрбір мүшесі еліміздің биік межелерден көрінуі үшін, аудандағы береке мен бірлікті көздің қарашығындай сақтап, берік достастықты ту етіп, Қазақстанның көк туын көкте желбірете беретіндігіне ешбір шүбә келтірмейміз. Биік міндет биік рухты талап ететіндігін біздер жақсы сезінеміз.
Қорыта айтқанда, «Нұр Отандықтар» қашанда еңсені биік ұстап, алда тұрған міндеттерді шешуде саналылық пен өз мамандықтарына тән біліктілікті таныта алатындығына сенімдіміз.

Н.ЖОЛДАСОВ
«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Be the first to comment on "ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ТЫҢ БАСТАМАЛАРҒА ҮНДЕЙДІ"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.