МҰХТАР МҰХАМБЕТЖАН ЖАСАҒАН ҚҰНДЫ ҰСЫНЫС…

229 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 04 02 2018 14:25

«Есім Хан – қазақтың ұлы патшасы. Қазақ хандығының құрамына өздерін қазақ деп есептемеген қауымдарды да кіргізе алған, Хандықтың бір шетін Азов теңізіне жеткізсе, екінші шетімен қырғызды қамтыған. Былайша айтқанда, мемлекетті империя статусына жеткізген. Хандықта Есім Ханның кезінде 87 қала болған. Есім Ханның кесенесі, шүкірлік, аман-есен сақталған және Қазақ Рухының Ордасы – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында тұр. Басқа хандарымыздың кесенесі өкінішке орай жоқ. Сондықтан рухани жаңғыруды ұлтымыз бен мемлекеттігіміздің нағыз символы – ұлы патшамыз Есім Ханды ұлықтаудан бастайық.
1. Есім Ханның мазары Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесімен салыстырғанда, Яссауи бабамыздың кесенесін қарбыз десек, Есім Хан патшамыздың кесенесі оның алдында қауынның дәнегіндей ғана. Бұл Есім Ханның еңбегі мен қазақ тарихындағы орнына лайық емес. Сондықтан, тарихи жәдігер болып саналатын бүгінгі мазарға тимей-ақ, оның үстінен биік те еңселі, алтын-күміс, рубин, малахит сияқты ең асыл материалдардан нағыз Хан Шатырын тұрғызу керек. Оның Қожа Ахмет Яссауидан биік болуын, одан қалыспауын діттеудің қажеті жоқ, бірақ Есім Ханның ұлықтығына сай еңселі ұстын бой көтеру керек.
2. Кесене алдына Мемлекетіміздің мәңгілігінің, мызғымастығының белгісі ретінде Мәңгілік От ұйымдастыру керек.
3. Кесене алдына Лондон, Мәскеудегідей қазақ ұлттық әскери киімін киген, қаруланған, екі сағат сайын ауысып отыратын салтанатты қарауыл қою керек.
4. Кесене алдына майдан /алаң/ жасалып, ол жер мемлекеттік қызметкерлер ант беріп, ұлттық немесе мемлекеттік рәсімдерді өткізуге жарамды болу керек.
5. Ұлтымыз бен мемлекетіміздің символы ретінде әрқашан ыдыратушы, бөлуші фактор болып отырған үш бас, үш бірлік, Үш Би – Төле, Қазыбек, Әйтекені емес, бір бас, бір бірлік – бір Ханды алу керек. Оның үстіне үш би – мемлекет ұстаушылар емес, бүгінгі тілмен айтқанда – сол кездегі Қазақтың облыстық соттарының төрағалары ғана. Мемлекеттіктің символы ретінде өзбектер Ақсақ Темірді таңдаса, орыстар Петр Біріншіні таңдаса, біз бір емес, үш басты таңдап, бірлік іздеуіміз дұрыс па? Тек мемлекет басшысы ғана ұлт және мемлекет символы ретінде таңдалуы керек. Онда көп Ханнның ішінен таңдап, ұлығын, күштісін, барын алайық. Ол – Есім Хан».

Be the first to comment on "МҰХТАР МҰХАМБЕТЖАН ЖАСАҒАН ҚҰНДЫ ҰСЫНЫС…"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.