Ықылас Ожайұлы. «Туғызған ата, ана жоқ…»

1 664 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 09 04 2018 17:58

«Бір  бала  әкеден  өте,  бірі  жете,   енді  бірі  кері  кете  туады»  деген сөз  Қазыбек  биден   қалған   деседі.  Осы  бір  ғақлия  айтулы  бидің  иелігіне телінгенмен,   исі қазақтың  өз  ғұмырынан  түйген  мол тәжірибесі  мен  арман-мұраты  болса  керек.  Рас,  өзінен  оза  туып,   аруағын  аспандатар  перзентті  қай  әке  аңсамайды  дерсің.   Бұл  ынтызарлық  әкенің  тұла бойы   тілеуінің   негізінде  ғана  жүзеге   асарына  жазбақ  дүниеміз  жауап  болады  деген  үміттеміз.

Әке мен  бала  бірлігі – мүлде   бөліп  қарауға  келмейтін  бір контекстегі  тұтас  ұғым.  Балаға  (бұл жерде ұрпаққа  десек те болады)   тек  шежіре   есебінде  ғана   қарау,   әрине,  басқа  мәселе ( Әңгіме жүлгесі  тек төл  туғызу  турасында  болса,  ол  енді  жан-жануарлардың да  жасай  алатын шаруасы  ғой).  Қысқасы,  қазақта  өзінен   асырып   ұл  туғызған  бақытты  әке  болды ма,  болса,   кім  болды  екен?  Біз  бұл   сауалға  бір  ауыздан,   иә,  ондай   әкелер  аз  болмаған,  соның   бірі   Құнанбай   Өскенбайұлы  дер  едік.    Құнанбайдың  жалған  дүнияға  жаралғандағы  мақсұтын  жалғыз-ақ  ауыз  сөзінен  тануымызға  болады.  Оның  жүрек  үлпілі  мен   күллі   аңсар  мұраты   осы бір   сөздің   ішінде  ғана  дамылдап  тұр.   Бұл  перзенті  Абайға  қарата  айтылған: «Әй,  Ыбырай  сен мықты  болсаң   өзіңдей  ұл  тудырып  ал»  деп   келетін  әйгілі  сөзі   ғой.    Сонымен,  ПАРАСАТТЫ ӘКЕ, ҚҰРСАҒЫ ҚҰНАРЛЫ ШЕШЕДЕН ШЫҚҚАН  ҚҰНАНБАЙ ТУМЫСЫНАН ЗЕРДЕЛІ-ТҰҒЫН (Абайша айтсақ «Екі асылдан қосылған, сом алтынның сынығы» болатын). Осылай  десек те  Құнанбайды  қатал   уақыт  сыны  басқа  сүрлеуге  түсірді.  Ол  кезең   алаштың   ғылым-білімнен   іргесін  аулақ  салып,   қазақ  баласы   ат  үсті,  шоқпар  тілінде  сөйлеген   замана  еді.   Осы  бір  жәйт   есіл   ердің  тұла  бойын   түршіктіріп,    шыбын   жанын   шыжғырмады  дей  аламыз  ба?  Қысқасы,  ҚАЗАҚТЫҢ ҒЫЛЫМ МЕН КІСІЛІКТЕН  КЕТКЕН  ЕСЕСІ ҚҰНАНБАЙ   ЖҮРЕГІНДЕ    ШОР   БОЛЫП    БАЙЛАНҒАН-ДЫ.  Ендеше,  есе  қайтару  керек.   Басқалай сөз  қыдыртып,  тіл  безеудің   тіпті де   қажеті  жоқ.  Әкенің  осы  бір   алапат   сезімінен   Абай   жаратылды.  АБАЙ – ҚҰНАНБАЙДЫҢ  ТЕҢІЗДЕЙ   ДОЛДАНҒАН  ШЕР НАЛАСЫНЫҢ  ЖЕМІСІ.  Ол  әкенің  өмірден  алған  өші мен аңсар мұратының қарымтасы десек те болады.  Құнанбайды  Құдай   алқады.  Арманына  жетті.    Әйтпегенде  жоғарыдағы  сөзді  айталар  ма  еді…

II

«Ел  ішіне сау келсең,

Тағылым  айтпас  ер  медің?

Жол көрсетіп  сонда  өлсең,

Арманым бар дер ме едім» — деп  Абайды  зар еңіреткен  Әбдірахман да  заманадан  басы  озып  туған  бала-тұғын.  Біз  хакімнің    «Ол  қуатым еді  рас»  ишарасынан   Әбдірахманды  өзінің   биологиялық  әм  рухани  жаңа  өрісі  ретінде  мойындауын  көреміз.  Осы  жерде  мына  бір  жәйттің  басын  ашып  айтуға  тиіспіз.  «ТУҒЫЗҒАН  АТА,  АНА  ЖОҚ,   ТУҒЫЗАРЛЫҚ   БАЛА  ЖОҚ»  ұғымының   алдында  Құнанбай  әулетінің,  әмәнда,   беті  жарық.  Қалайша  дейсіз  ғой?!  Абайдың  біз  бас  әріптермен  арнайы   ұсынып  отырған   жоғарыдағы   екі    жол  ғазалында  түсінген  адамға  ғаламат  сыр  жасырылған  (Олай   дейтініміз  осы бір   өлеңнің  өн бойында  сапалы  ұрпақтың жауапкешілігі мен  талаптары   тұр).  Мінеки,  біз  манадан  бері   індетіп  отырған   ойымыздың   негізгі   лейтмотивіне  де  жеттік.  Біз  бүгін де  неге  әлсізбіз,  қазақтың  қазіргі  қаны  неге  ғана сұйылып  кетті  деген   сұраққа   бүй  деп жауап  беруге болады. Біз  армансыз (дұрысы мақсатсыз) некенің  төлі екенбіз.  Мұны бір сөзбен ғана шегендер  болсақ,  құмарлық  дертінің  құрбандарына  айналыппыз.   Себебі  армансыз  адамнан әманда  мақсат  шықпайды  («Көңілсіз қойдан  көтенсіз қозы туады» танымымен  қарастырсақ  мұндай  некеден  күрескер  буын  жаралмақ  емес).  Әкенің  бізді  жаратардағы  көңіл  күйі  мен  ауаны  болашақ  өміріміздің  атмосферасы  десек,  не  моральдық,  не  материалдық  тұрғыдан  мақұрым  «мас»  әке  өзінің  бірер  сәттік   ләззәтінен  біреудің  (біреу болғанда баласының)  мәңгілік  азап   шегетінін   ешқашан  түсінбеген  секілді.  Ал  Абайдың  бұл   жердегі  іздеп  отырған  баласы  мен  оны  (толыққанды тұлғаны) өмірге  әкелмек  ата-анаға артқан  жауапкершілік  мүлде  бөлек.   КЕМЕҢГЕР   ОЙЫНЫҢ  АСТАРЫНА  ҮҢІЛСЕК,  МҰНДАЙ  ПЕРЗЕНТ  БІЗДІҢ   БЕЛІМІЗДЕН  ЕМЕС,  ІШКІ  ХАЛІМІЗДЕН  ЖАРАТЫЛАДЫ  ЕКЕН.  «Ердің  көкірегі  жүкті  болмай,  ер  тумайды»  дегеніңіз  де  осы  болғаны   ғой.   Ендеше,   «Мықты  болсаң  өзіңдей  ұл  тудырып  ал»  деген  әке  сөзі  Абайға   (біз  ойлағандай  кекету   тұрғысында  емес)   аманат  ретінде  айтылған  екен.

ӘБДІРАХМАН – ӘКЕГЕ  БЕРІЛГЕН  СОЛ   САУАЛДЫҢ  ТОЛЫҚҚАНДЫ  ЖАУАБЫ-ТҰҒЫН.

Көкте  жүзген  дөңгелек   күн   XIX  ғасырды  түгеп,  XX  ғасырдың  таңын  атырды.  Адами  миссиясы  аяқталып  келе  жатқан  Абайдың  жаңа  дәуір  төлінен  үміті   үлкен  еді.   Көзінің  қарашығындай  Әбіші  сол  үкілі  үмітінің  біреуі  болатын.  Ақынның  «Жаңа  жылдың басшысы  ол, Мен ескінің арты  едім»  деп   отырғаны  да  сол.

Талаурап  атқан  бұл   XX  ғасыр   қазақ   халқын   деградацияға  ұшыратқан дәуірі  екендігі   бәрімізге  белгілі  жай.   Тіл  мен  діл,  дін   менен  дәстүр  бәрі-бәрі   табанда  тапталып  жатты.  Патшалық  Ресей саясаты қазақтың  обалынан  ойыншық  жасап,   ойына   келгенін   істеді.  Мінеки,  СОЛ    КЕЗГІ    АЛАШТЫҢ    ІШІНЕ    ШӨККЕН   ШЕМЕН  ШЕР,  ШАРАНАҒА   АЙНАЛЫП,  ҚАЙЫРА   СЫРТҚА   ШЫҚТЫ.

Бұл  бір  ұлы  толғақ   Абайша  айтсақ  «Ел ішіне тағылым айтып,  жол  көрсетер  ерлерді» дүниеге  әкелді.   Қазақтың  ащы  запыраны мен  кермек жасынан  жаратылған  осы  төл   АЛАШ  АРЫСТАРЫ   болатын.   АЛАШ  ҰЛТ  БЕТІНІҢ  ҚЫЗЫЛЫ  ЕДІ.   Олардың  әрқайсысын   Абайдың   аяулы  Әбдірахманы   десек  те  болады…

Түйін сөз

Мақаламыздың  негізгі  мәресіне де жеттік.  Аз ғана  сөзіміз сапалы  ұрпақ  сабақтастығы  мен  ішкі  халіміздің  жағдайы  турасында  болды.  Қаншама  азатпыз  деп  аспанға бөрік  атқанмен,  қазір де  қазақтың  жіберген   есесі  мен  көрген  құқайы   көп.  Ендеше,  елдің  еңсесін  тіктеп,  есесін  қайтарар   ЕР  ТУҒЫЗУҒА   сіз  бенен  біздің  бүгінгі  рухани  даярлығымыз  қандай?  МІНЕ,  БІЗ   БҰЛ  САУАЛҒА   БҮКІЛ   БОЛМЫСЫМЫЗБЕН   ЖАУАП   БЕРУГЕ  ТИІСПІЗ.  Рухсыз   ұлт   Ұлтанқұлдарды   ғана  жаратады.   Исі  қазақ  «ақырып  теңдік   сұрар»   азаматына   қашан  да  зәру.

Біз  алаштың  алтын   құрсағынан  осындай   перзентердің  лайым да  мол  болуынан   үміт  етеміз.

«Қамшы» сілтейді

Be the first to comment on "Ықылас Ожайұлы. «Туғызған ата, ана жоқ…»"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.