Назарбаев ашылуына арнайы барып, кейін жабылып қалған орындар

59 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 14 04 2018 21:07

Қазақстанда 2000 жылдан бергі уақытта өндіріс орындары көптеп ашылды. Оларға қыруар ақша бөлінгені былай тұрсын, сапалы отандық өнім шығарады, инновациялық дамуды тездетеді деген сенім артылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев біршама жаңа жобаның тұсауын өзі кесті. Алайда соның көбі үмітті ақтамады. Тіпті, кейбір зауыттар ештеңе өндірместен шығынға батып, банкрот болып жатты. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Елбасының өзі салтанатты ашылуына арнайы барып, көп ұзамай жабылып қалған кәсіпорындар тізімін ұсынады.

 

«Caspiy Еlectronics» 

Бұл инновациялық жоба Ақтау қаласында 2011 жылы жалпыхалықтық телекөпір барысында президент Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Зауыт планшет пен плазмалық телевизорлар өндірісімен айналысуы керек болды. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен  800 млн теңге бөлінген. Мұнда жылына 67 мың планшетті компьютер, 40 мың теледидар және 43 мың мониторлар шығарылады деп жоспарланған. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған кәсіпорын шығыны көбейіп, 2013 жылы жабылды.

Кейін тергеу кезінде зауыт техникасына барлығы 600 млн теңге бөлінгені, ал негізінде оның шын мәніндегі бағасы 20 млн теңге болғаны анықталған.

Бұл кәсіпорында бірде-бір планшетті компьютер жасалмағаны тергеу кезінде дәлелденді. Барлық планшет Қытайдан әкелініп, өзіміздің өнім ретінде сатылған. Алаяқтық жасалмаған жағдайда бұл зауыт 30 жылда бүкіл Қазақстанды планшетпен қамтамасыз ете алатындай еді.

Ақырында,  Ақтау қалалық соты  «Caspiy Еlectronics»  ЖШС-нің экс-жетекшісі Александр Павленконы ҚР ҚК бойынша бас бостандығынан айырды. 2016 жылы кәсіпорынның мүлкін алып-сату туралы келісімшарт жасалып, қазіргі уақытта «Экотек» ЖШС  «Caspiy Еlectronics»   ғимаратын сатып алған.

«Тұлпар» автокөлік зауыты

Оңтүстіккореялық Kia Motors пен LG International компаниялары президент Н. Назарбаевқа автокөлік құрылысын ұйымдастыруды ұсынады.

1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен LG International компаниялары біріккен өндіріс құру туралы келісімшартқа қол қояды. Н. Назарбаев бұл жоба пластмасс, резеңке технологиялық жабдықтары мен электрсымдар шығаратын зауыттарды үлкен көлемде тапсырыстармен қамтамасыз ететін еді.

Жобаның іске асырылуы «Тұлпар» аталатын «Киа Спортаж» автокөлігінің алғашқы қазақстандық нұсқасын шығарумен басталды. Жоспар бойынша бұл зауыттан жыл сайын 40 мыңға жуық көлік құрастырылып шығарылатын болуы керек болды. «Тұлпар» атымен шығарылған алғашқы көлік Қазақстан президентіне сыйға тартылады. 1998 жылы зауыт  жұмысын тоқтатты.

Балқаш мырыш зауыты

2003 жылы бұл зауыттың ашылуына да Қазақстан президенті қатысқан. Мұнда 100 мың тонна мырыш шығару көзделген. Балқаш мырыш зауыты «Қазақмыс» корпорациясының басты жобасы болған. Жобаның құрылысына 120 миллион АҚШ доллары бөлінгенін қайтейік, небәрі алты жылдан соң зауыт директоры кәсіпорынның жабылғанын хабарлады.

«Ютекс» кешені

Мақтаны қайта өңдеуге арналған кешен 2004 жылы ОҚО-да ашылған. Бұл кәсіпорынның ашылуына да Н. Назарбаев қатысқан. Тіпті, ол кешеннің ашылу салтанатында: «Мұндай фабрика Қазақстан тарихында болмаған», — деген еді. Өкініштісі, бұл кәсіпорынның да ғұмыры келте болды. Жобаға 19,3 млн доллар кеткен.

«КазСат-1»  жерсерігі

2006 жылы іске қосылған «КазСат-1» жерсерігі тапсырыс бойынша Ресейде 65 миллион долларға жасалған. Жерсерікті іске қосу салтанатында Қазақстан президенті Н. Назарбаевпен бірге Ресей президенті В. Путин де болған. 2008 жылы жерсерік бұзылып қалған.

Биохим зауыты

2006 жылы Солтүстік Қазақстан облысында Елбасының қатысуымен «Биохим» зауытынның салтанатты ашылу рәсімі өтті. «ТМД елдерінде баламасы жоқ» деп дәріптелген кәсіпорынға 88,6 миллион доллар жұмсалған. Бұл кәсіпорынға жүктелген міндеттер көп еді. Біріншіден, жыл сайын 57 мың тонна биоэтанол, 24 мың тонна ашытқы, 25600 тонна көмірқышқыл газы, 58 мың тонна ұн өндіріледі делінген. Екіншіден, кәсіпорын 300 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін еді. Алайда 2012 жылы сот зауыттың банкротқа ұшырағанын хабарлады.

 

Ақтау-Сити қаласы

2007 жылы Ақтау маңынан салынған Ақтау-Сити қаласының салтаннатты ашылу рәсіміне Н. Назарбаев қатысып, бұл қаланың заманауи, барлық халықаралық стандартқа сай болатынын айтқан.

Жоспар бойынша қалада Тәуелсіздік аллеясы, әртүрлі әлеуметтік нысандар, мәдени мекемелер, сауда және спорт орталықтары салынады делінген. Осы арқылы қала таза, сапалы ауызсумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болған. Кейінен 2013 жылы Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдаров «Ақтау Сити» қаласы жоспарланған нұсқада жүзеге асырылмайтынын хабарлады.

«Азия Керамик»

Керамогранит зауыты 2010 жылы Шымкент қаласында Н. Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған. Бұл зауыт индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құрылып, 35 миллион долларға бағаланған. Кәсіпорында барлығы 250 адам жұмыспен қамтылуы керек болған. Алайда 2011 жылы зауыт жұмысын тоқтатады. Тек Елбасының ескертулерінен кейін ғана бұл жоба қайта қолға алынып, 2014 жылы кәсіпорынға сауықтыру жұмыстары жасалған. Араға төрт жыл салып 2011 жылдан бері тоқтап тұрған зауыт 2015 жылы іске қосылған. Қазір мұнда басында жоспарланғандай 250 жұмысшы емес, тек 100 шақты адам жұмыс істейді.

«ҚАЗТЕХМАШ»

СҚО-дағы «ҚАЗТЕХМАШ» ЖШС 2015 жылы Президенттің қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір кезінде қолданылуға берілген. Көлік құрылысымен айналысатын зауыт 2016 жылы 28  астық жинау комбайндарын шығару керек деп жоспарланған. Алайда, арада бірнеше жыл өткен соң, ҚР инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр Петропавлдағы зауыт «Қазіргі уақытта зауыт өнім өндірмейді» деген мәлімдеме жасаған. Осыған қарамастан, «ҚАЗТЕХМАШ» ЖШС қызметшісі бүгінде зауыт жұмыс істеп тұрғанын, көлік құрастырумен айналысатынын жеткізді.

Ұшақ шығаратын «КазАвиаСпектр» зауыты

«Авиациялық құрылыс жұмыстары дәл осы жерден басталады», — деді Н. Назарбаев 2011 жылы аталмыш зауыттың ашылу салтанатында. Қарағанды облысында орналасқан зауытта «Фермер-500», «Фермер-2», төрт орынды «Сұңқар» ұшағы, он орынды «Экспедишн» ұшағы жасалады деп жоспарланды. Бұл жобаға 1,6 млрд қаржы жұмсалған.

Бірақ «ресейлік серіктес компания әуе зауытына тиісті техникалық құжаттарды бермеді» деген сылтаумен уәде етілген ұшақтардың құрылысы созылып кетті. Осыдан барып зауыт басшылығына қарсы қылмыстық іс бір ашылып, бір жабылып, ақыры бес жыл бойы жұмыс істеп, бірде-бір  ұшақ жасай алмаған зауыт толық жабылды. Соңғы жаңалықтарға сенсек, зауыт сатылымға шығарылмақ.

«Қамшы» сілтейді

Be the first to comment on "Назарбаев ашылуына арнайы барып, кейін жабылып қалған орындар"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.