Павлодарда қазақ тілі үшін күрескен Руза Бейсенбайтегіне күш қолданылды

65 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 14 04 2018 21:14

Павлодарлық тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі редакциямызға хабарласып, өзіне күш қолданылғанын айтты. Қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған  тұрғынға күш қолданылса да,  жергілікті полиция қол ұшын созбаған көрінеді. Бүгін 13 жыл бойы қазақ тілі үшін күресіп келе жатқан Руза Бейсенбайтегі акцияға шықпақ.

— Бүгін «Бақауов, қазақ тілін қорлатпа!» деген ұранмен акцияға шығамын. Себебі полиция ештеңе істемей отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Жасқайрат Қайыров деген жергілікті полиция басшысы «Біз барлық полиция қызметкерлерін шақырып барлық тұрғын қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілінде жауап алуға құқылы екенін айтамыз. Тілге байланысты дау шықса, оқиға орнынан барып шешеміз», — деп айтқан болатын.  Арада  бір апта өтсе де,  ешқандай нәтиже болған жоқ, — дейді Руза Бейсенбайтегі.

Тіл жанашырының айтуынша, жергілікті билік пен жергілікті полиция құрғақ сөзбен жылы жауып қоюға  үйренген. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа екі рет телефонограмма жібергенін де айтты.

— Бақауовқа екі рет телефонограмма тастадым. Екеуі де қоғамдық көлікте аялдамаларды, жол ақысын төлеуді қазақ тілінде айтуды сұрағаныма байланысты.  Біріншісінде егер полиция қызметкерлері келмесе, автобустың астына түсемін деп айттым. Ал екіншісінде акция жасағалы жатқанымды хабарладым», — дейді Руза Бейсенбайтегі.

Айта кетсек, осыдан ай бұрын Руза Бейсенбайтегі редакциямызға хабарласып, автобус кондукторынан жолақысын  қазақ тілінде сұрауды өтінген. Артынша іс насырға шауып, полиция қызметкерлері келмесе, автобустың астына түсетінін айтқан еді.

Руза Бейсенбайтегінің айтуынша, оның акцияға шыққаннан басқа амалы қалмаған. Жергілікті полиция облысы әкіміне бағынышты, оның сөзінен аттап шыға алмайды.

— Қолымда қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұрағаным үшін мені автобустан сүйреп шығарған, телефонымды тартып алған видеолар бар. Мен сол видеоларды полицияға көрсеткім келді. Алайда мені мазақ қылған адамша үш полиция көлігі жанымнан өтті. Менде оның да видеосы бар. Бір сағаттан кейін аялдамадан 100 метр жерге полиция көлігі келіп тоқтады. Барып, мән-жайды айтқанымда, «бізге ешқандай тапсырма берілген жоқ, ештеңе істей алмаймыз», — деп айтты, — дейді Руза Бейсенбайтегі.

— Мен осылай етпесем, біз осылай етпесек қазақ тілі қорлана береді, — деп күйінішпен аяқтады сөзін Руза Бейсенбайтегі.

«Қамшы» сілтейді

Be the first to comment on "Павлодарда қазақ тілі үшін күрескен Руза Бейсенбайтегіне күш қолданылды"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.