Facebook-та отыратын шенеуніктер

130 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 14 04 2018 21:04

Әлеуметтік желіні белсенді қолданатын саясаткерлер саусақпен санарлық. Кейбір сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің интернетте пікірін ашық білдіруіне бюрократиялық жүйенің жазылмаған заңдары кедергі келтіреді екен. Qamshy.kz ақпарат агенттігі түрлі мәселелер туралы Facebook-та ой бөлісіп отыратын шенеуніктердің тізімін ұсынады.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі

Әлеуметтік желіде өзінің белсенді қызметі мен берік ұстанымы арқылы өзекті мәселелерге үн қосып, өз ойын екі тілде жазып отыратындардың бірі – Дәурен Абаев. Facebook желісінде ҚР ақпарат және коммуникациялар министрінің 12 мыңнан астам оқырманы бар. Министр өз парақшасында ақпарат саласындағы шешімдерін жариялайды. Жыл басында БАҚ туралы заңға енгізілген өзгерістерді желі қолданушылары біршама талқылаған еді. Түрлі сыни пікірлерге жауап қайтару үшін Дәурен Абаев Facebook-те видеоүндеу жасап, заң жобасына қатысты түсініктеме берді.

Айта кетейік, министр Абаев Facebook желісіне 2016 жылдың мамырында тіркелген. Сол уақыттан бері әлеуметтік желіде әжептәуір танымалдыққа ие болды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР мәдениет және спорт министрі

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook-тағы парақшасын 2016 жылдың соңына таман ашқан. Бүгінде желі қолданушылары біршама жаңалықты министрдің жеке парақшасынан көріп, біледі. Сонымен қатар қоғам талқысына түсіп, желіні шулатқан бірқатар мәселелерге қатысты да министр өз парақшасы арқылы пікірін білдіріп, позициясын айқындап отырады. Арыстанбек Мұхамедиұлының Facebook-та 1000-нан астам оқырманы бар.

Әсет Есекешев, Астана қаласының әкімі

Астананың әкімі Әсет Есекешев –Facebook желісін өте белсенді қолданатындардың бірі. Әлеуметтік желіге тіркелген басқа шенеуніктермен салыстырғанда, ең көп оқырман да Елорда басшысында. Бүгінде оны 38 мыңға жуық желі қолданушысы бақылап отырады. Астана әкімі Facebook-тағы парақшасын 2008 жылы ашқан. Ол өз парақшасында үнемі қаланың тыныс-тіршілігінен оқырмандарын хабардар етіп, Елордадағы құрылыс нысандарының жұмысына қатысты жаңалықтарды бөліседі. Сонымен қатар жұмыс бабымен барған іссапарларын да жазып отырады. Ресми мәліметтерден бөлек, Әсет Есекешев қалада орын алған оқыс оқиғалар, жол апаттары немесе басқа да келеңсіз жағдайлар туралы айтып, оқырмандарынан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Қала әкімінің тағы бір ерекшелігі, ол Facebook-та саясатқа еш қатысы жоқ КВН, футбол ойындары жайында да сөз қозғағанды жақсы көреді. Сондықтан шығар, Астана басшысына желі қолданушылары ыстық ықыластарын білдіріп жатады. БАҚ-тарда келтірілген деректерге сүйенсек, Әсет Есекешев әлеуметтік желіде Астананың тазалығына байланысты сауалдарға тез жауап қайтарады екен.

«Қамшы» сілтейді

Be the first to comment on "Facebook-та отыратын шенеуніктер"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.