Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы

15 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 20 08 2018 14:26

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін қадап айтты…

Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі.  Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс.   Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді.  Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз.

Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», — деген болатын.  Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас  түркі  халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ…

Латын әліпбиіне көшкенімізбен оны қолдану мерзімі ұзақ болмағаны тарихтан белгілі. Бұл – кешегі кеңестік идеологияның салдары еді. Түркітектес ұлттардың түбі бір түркі екенін, тамырын тереңге жайған түбегейлі тарихы мен мәдениеті бар елдер екенін ұмыттыру үшін жасалған сұрқия саясаттың айла-шарғысы болатын. Ал  рухани жаңғыру дәуірінде құлдық санадан арылып, бұрынғы құндылықтарымызды қайта қалпына келтірудің қажетілігі өз-өзінен түсінікті жайт.

Былтырғы жылы Түркия мемлекетінде студенттерге дәріс беріп қайттым. Сондағы байқағаным, түріктермен, ондағы қырғыз, өзбек, ажербайжан ағайындармен аудармашысыз-ақ  түсінісіп  кетуге болады. Себебі – бәріміздің түбі бір түркі тілінде сөйлейміз. Мені қинағаны – ойларымызды қағаз бетіне түсірсек, кімнің не жазғанын оқи алмай, аман-саулықтың өзін ағылшын тілінде жазуға мәжбүр болғанымыз. Түркілерге ортақ әліпбидің жоқтығы туысқан халықтардың интеграциялануына  қаншалықты кедергі болып тұрғанын өз басымнан өткердім десем болады.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен ғасырдың 90-жылдары көтерілді де тез басылып қалды.  Тілші ғалымдар латын әліпбиіне көшудің  тиімді жақтарын жан-жақты дәлелдеп берген болатын. Солардың басты-бастыларын атап көрсетейік:

  • шет елдердегі (Қытай, Монғолия, Түркия т.б. ) қазақтармен мәдени, рухани байланысты нығайту үшін қажет;
  • қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауда ұтымды мүмкіндіктер туады, ол өз кезегінде тіл үйренушілерге жеңілдіктер береді;
  • қазақ тілінің әуезділігі, орфоэпиялық заңдылығы қалпына келеді;
  • түркі тектес мемлекеттердің интеграциялану үрдісіне оң ықпал етеді;
  • ағылшын тілін меңгеру оңтайлана түседі;
  • Кеңес заманында жазылған, қазіргі заманға қажетсіз дүниелерден арылу үшін, қажетті рухани жәдігерлерді елеп-екшеп алуға мүмкіндік туады.

Латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтары бұл айтылғандармен шектелмесе керек. Оны уақыттың төрелігіне қалдырайық.

Латын әліпбиіне көшуге қатысты біздің жоғары оқу орнында жасалып жатқан шараларға тоқталып өтсек. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген 6 бағыт бойынша нақты іс-шаралар жоспарын талқылап бекітті. Кешенді жоспар университет ректоры Ә.Ө.Қуандықовтың тапсырмасы бойынша оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры И.В.Ровнякованың тікелей жетекшілігімен жасалды. Жоспарда латын әліпбиіне көшу үрдісін оқу-әдістемелік және ғылыми жағынан қолдаудың маңызды міндеттері белгіленді. Бұл ретте, болашақ педагог кадрларға қосымша білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, латын әліпбиінде жазылған оқу-әдістемелік, мультимедиялық құралдар әзірлеу, латын әліпбиінде іс жүргізуді жолға қою, ПОҚ біліктілігін арттыру, университет сайтын латын әліпбиіне көшіру  т.б. маңызды шаралар қарастырылды.

Стратегиялық даму және ғылым жөніндегі проректор А.Б.Мырзагалиеваның бастамасымен ШҚО әкімдігіне «Тіл-лұғат» атты жоба ұсынылды. Жоба бойынша университет ғалымдары 2018-2021 жылдар аралығында мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруге дайындық кезеңінде барлық сала кадрларын латын әліпбиін еркін әрі сауатты қолдана білуге үйрету, ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау мақсатында жұмыла еңбектенбек .Жоба бойынша төмендегідей міндеттерді шешуді көзделеді:

— қазақ жазуының тарихымен таныстыру;

— латын әліпбиін көпшілікке насихаттау;

  -әліпбидің ұсынылып отырған нұсқаларының ішінен классикалық 26 таңбалы латын әліпбиін қолдау;

 — әліпби бекітілген соң мектеп мұғалімдері мен мемлекеттік қызметшілерді, барлық сала кадрларын оқыту, іс жүргізуді үйрететін қысқа мерзімді курстар (он-лайн семинарлар, вебинарлар) ұйымдастыру;

 — Латын әліпбиіне негізделген орфографиялық сөздіктер құрастыру (соның ішінде электронды);

— ШҚО топонимдерінің (латын әліпбиіне негізделген) сөздігін жасау, жергілікті елді-мекен атауларының дұрыс жазылуы үшін ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктерге ұсыну;

 Антропонимдік сөздік жасау (Кісі есімдерін дұрыс ресімдеу үшін АХАЖ бөлімдеріне ұсыну);

 — Латын әліпбиіне негізделген іс қағаздарының анықтамалығын ұйымдастыру (соның ішінде электронды) т.б.

Оқу орнының «Рухани жаңғыру» бағдарындағы бұдан басқа да жобаларын ШҚО әкімі аппараты алдында қорғаған А.Б.Мырзагалиева арнайы комиссия жобалардың ғылыми құндылығы мен практикалық маңызын атап өткенін,  қызығушылық туғызғанын көрсетті. Түйіндей айтсақ, университет ұжымы алдында бірігіп еңсеруді қажет ететін жоспарлы жұмыстар бар. Іске сәт дейміз!

 Б.Б.Келгембаева, ББО директоры

Be the first to comment on "Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.