Ақтөбенің киелі жерлерін аралауға қанша қаржы керек

174 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 27 08 2018 11:37

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  — Ақтөбеде табиғат аясында демалып, киелі жерлер картасына енген тарихи ескерткіштерді аралауға арнайы маршрут белгіленген. Тіпті, Жаманшың метеоритінің құралаған жерін қарап, батырлардың кесенесімен танысуға болады. Ырғыз ауданындағы 80 көлді аралап, Қызыл кітапқа енген аң-құсты тамашалауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қобда — батырлар елі Ақтөбе облысы Қобда ауданы батырлар елі ретінде көпке танымал. Мұнда Әлия Молдағұлованың ауылы, патриоттық орталық, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Абат Байтақ кесенесі, Исатай батыр кесенесі бар. Қобыланды батыр кесенесі 2007 жылы салынып, мұнда мұражай пайдалануға берілді. Өткен жылы кешенге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, қонақ күтетін арнайы орын салынды. Ал Абат Байтақ кесенесі 2007 жылы жаңартылды. Ерекшелігі — кесенеде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар. Кесененің негізгі құрылысы — төрт бұрышты. Ақтөбе тұрғындары мен облыс қонақтары үшін бұл бағыттағы туристік маршрут бір адамға 7 мың теңге тұрады. Мұнда көлік тасымалы, сақтандыру, су, тамақ, фотоға түсу кіреді. Хан моласы — алыс та болса аса қасиетті жер Әбілқайыр ханның Хан моласы Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда аудан орталығына дейін тасжол салынған, бірақ Хан моласына жету үшін алдымен Толыбайдағы музейді аралап, кейін тағы бірнеше сағат қара жолмен жүруге тура келеді. Жол алыс, шаршатады. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жерленген жері зерттеліп, мұнда кесене салынды, үш жүздің бірлігін білдіретін стелла орнатылды. Ішкі туризмнің маршрутын жасап отырған «Зере тур» агенттігі мұнда арнайы маршрут дайындап қойған.

Екі күнге арналған туристік маршрут құны бір адамға 30 мың теңге. Бір топта міндетті түрде 10 адам болуы шарт. Қызметке жеткізу, сақтандыру, тамақтану және жергілікті тұрғындардың үйіне қонып, ауыл өмірімен танысу кіреді. Балалар үшін бұл туристік маршруттың қызмет ақысына 50 пайыздық жеңілдік бар. Борлы таулар мекені Ақтөбе облысы Байғанин ауданында борлы таулар бар. «Ақбота-Сәңкібай» шыңы туристер үшін рухани азық сыйлар жер болып саналады. Бұл шың Миялы ауылынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Аңызда Сәңкібай батырдың Ақбота атты қызы болған. Бұл маңды Әбілқайыр хан да мекен еткен. Хан ауылдан кетіп қалған кезде ауылға қалмақтар шабуыл жасап, малды түгел айдап кеткен. Сәңкібайдың батыр қызы Ақбота жауға шауып, өздеріне тиесілі малды түгел айдап әкелгенімен, өзі ауыр жараланып, қаза болады. Бұл қайғылы оқиға туралы естігін Сәңкібай батыр тас мүсінге айналған. Сонымен қатар, Ақтөбе мен Атырау облыстарының шекарасында Ақтолағай борлы тауы бар. Борлы таудың биіктігі 251 метрге дейін жетеді. Ішкі туризмді дамыту мақсатында бұл бағытқа да арнайы маршрут әзірленіп, алыс жолға шығуға құмар туристерді ауылға апарады. Бұл мекенді бір күнде аралау мүмкін емес. Сондықтан туристік маршрут бірнеше күнге жоспарланған. Мәртөк ауданындағы шоқ қайың Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында Шоқ қайың жері бар. Яғни, орман алқабында қайың ағаштарын тамашалауға, таза ауада демалуға болады. Мұнда қырыққұлақты өсімдігін тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл ауданда бірегей өсімдіктерді кездестіруге болады. «Ақтөбе облысы бойынша 10 үздік туристік маршрут ұсынылды. Олардың қатарына Қобыланды батыр кесенесі, Хан моласы, Ақтолағай борлы тауы, Айдарлыаша геоморфологиялық жері, Мәртөктегі флора-фауна орталығы, Жаманшың кратері мен Көкжар жәрмеңкесі, Барқын құмы, Ебейтідегі сарқырама кіреді. Туристік маршрутты кез келген уақытта ұйымдасыруға болады. Бір баға, шектеу жоқ. Себебі, неғұрлым адам көп болса, туристер үшін баға арзандай түседі. Алыс ауылдарға барғанда қонып, аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуға болады. Ал жақын тарихи орындарға бір күнде барып келеміз», — деді туристік агенттің басшысы Ботагөз Крамбаева. Ырғыз — Қызыл кітапқа енген аң-құстың мекені Ақтөбенің Ырғыз ауданы да облыс орталығынан шалғай орналасқан. Сондықтан бұл ауданға арналған туристік маршрут бірнеше күнге жоспарланады. Мәселен, ауданда Жаманшың кратері орналасқан. Метеорит құлаған жерді ресейліктер жиі тамашалап, ондағы тастарды сатуға үйір. Бұған дейін хабарлағанымыздай, зерттеушілер бұл аумақта алмаз тасының болуы мүмкін екенін жасырмайды. Саяхаттанушылар аудан орталығы Ырғыз селосынан Малайдар көлдер жүйесіне барар маршрут бойында орналасқан Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылу шартына қол қойған «Маңтөбе» жеріне орнатылған ескерткішті, ХІХ-ХХ ғасыр аралығында салынған ескерткіш-мавзолейлерге тән Алмат тамы қорымын, құм жоталарын, сол жота арасында өсіп шыққан қос теректі, Ұзынкөл көлдер жүйесін, Малайдар көлдер жүйесін бақылау алаңдары арқылы тамашалай алады. Туристер қамыс арасындағы жасырын бақылау алаңдары арқылы көл бетіндегі, оның жағасындағы табиғи тіршілікпен етене танысады. «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерват» аумағына кіретін сулы-батпақты Іріңкөл мен Келтекөл аумағы. Екі көл де құстар қоректенетін, ұя салатын, өсіп-өнетін орын. Бұл маңда тұрмыстық және емдік мақсатта, ас тұзы ретінде пайдалануға болатын Қожагелді тұзы бар. Экотуристік маршрут желісінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі таныстырылады. Мұнда қасқыр, шибөрі, борсық, түлкі, қарсақ, қоян, жабайы доңыз, ақбөкен кездеседі. Қызыл кітапқа енген қоқиқаз, жалбағай, бұйра және қызғылт бірқазанды тамыз-қыркүйек айында көруге мүмкіндік бар. Дәл осы сапарға Жаманшың қосылды. Ырғыздан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Жаманшың туралы 1941 жылы шыққан Л.Яншин, А.Вахромеев мақала жариялайды. Онда алып метеориттің құлағаны да айтылған. Миллион жыл бұрын құлаған метеориттің орны 5-6 шақырымды құрайды. Ал, тереңдігі 700 метр. Мұнда тастың алуын түрін бар. Түстері де бір-біріне ұқсамайды. Ырғызда құстардың 250 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 32-і түрі бар. Сүтқоректілердің 42, бауырмен жорғалаушылардың 14, балықтың 8, қосмекенділердің 4 түрін кездестіруге болады.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/aktobenin-kieli-zherlerin-aralauga-kansha-karzhy-kerek_a3313357

Be the first to comment on "Ақтөбенің киелі жерлерін аралауға қанша қаржы керек"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.