Түркістан облысы рухани жаңғыру белесінде

9 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 18 09 2018 10:05

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген істер қолға алынып, күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін табуда. Сонымен қатар осы жоба барысында елімізде қаншалаған тың жобалар жолға қойылып, жаһандық дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеміз.

Түркістан аумағында археологиялық қазба жұмыстары  басталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлері» бөлімі негізінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі «Түркістан археологиялық экспедициясы» жобасы аясында Түркістан қаласындағы Бабайқорған ауылдық округінің Мерген төбе жерінде археологиялық қазба жұмыстарын бастады.

Аталған қазба орны Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 33 км-дей жерде, Жаңақорған өзенінің жағалауында орналасқан.

Бүгін аталған орынға «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов арнайы барып, жасалған жұмыстармен танысты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында киелі жерлердің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын, онымен танысу өскелең ұрпақтың бабалар жүрген жолды білуіне мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Қазіргі археологиялық қазба нәтижесінде ежелгі обалар орны анықталды. Демек, тарихи іздің анықталып, танылуы, жаңа құнды дүниенің сыры айқындалуы ұрпақ үшін де маңызды екендігі анық.

Осы орайда, археолог Талғат Өсеров аталған обалар ерте Темір және ерте Түрік дәуірлеріне қатысты деген болжам жасады. Обалардың диаметрі 23-26 метр биіктіктері жердің деңгейінен есептегенде 2-2,2 метр. Қазіргі кезде обалардың сыртқы құрылыстары анықтала бастады.

Қазба жұмыстарын 15-тен аса мамандар жүргізуде, оның ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы Бақытжан Нұрханов пен Нұржан Таджибаев та бар.

Археолог мамандардың айтуынша обалар құрылысының сыртқы тұрпатына қарағанда бұл ескерткіштер өте құнды ақпараттар береді деп үміттенуде.

Айта кетсек, биыл «Әзірт Сұлтан» қорық-музейі археологиялық қазба зерттеу жұмыстарын жүргізуге лицензияға ие болған. Музей тарихында осындай археологиялық қазба жұмыстары музей тарапынан алғаш рет жүзеге асуда.

Шардарада кітап оқитындар көбейді

Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен мектеп кітапханаларында «Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасы өткізіліп жатыр. Соның бір айғағы ретінде Шардара ауданы Б.Соқпақбаев мектебінде «Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасын өз мәресіне жетті.

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты: мектеп оқушылары арасында кітаптың маңыздылығы, кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, өмірде жақсы жетістікке жету үшін көп оқып, іздену керек екенін ұғындыра отырып, оларды адамгершілікке, мейірімділікке, әдептілікке тәрбиелеу. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, көркем әдебиетке деген қызығушылығын дамыту, дүниетанымын кеңейту, сана-сезімдерін, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру.

Осы жоба барысында кітап оқуда үздік атанған 13 оқушы анықталды. Үздіктер жергілікті ақындардың шығармашылықтарын мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар, ақын-жазушылардың еңбектерінен құралған буктрейлер көрсетілді.

«Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің өкілі С.Кендірбаев ұйымдастырылған іс-шара өз кезегінде оқушылардың кітап оқып, рухани азық алып, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына игі ықпалын тигізетінің айтты.Қатысушыларға алғысын айтып, сәттіліктер тіледі.

Іс-шара барысында Қ.Аманжолов атындағы мектептің оқушылары «Рухани жаңғыру» әдеби-сазды монтажын ұсынса, С.Құрманғазы атындағы  мектебінің білімпаздары «Туған жерім-кеше, бүгін, ертең» тақырыбында үздік ғылыми-ізденіс жұмысының презентациясын таныстырды. Ал, Б.Соқпақбаев атындағы мектептің оқушылары «Абай даналығы» ашық тәрбиелік-интеллектуалдық сабағын өткізді. Сонымен қатар, іс-шара аудандық балалар саз мектебінің оқушылары концерттік бағдарламасы мен шеруге жалғасты. Іс-шарада үздіктік танытқан оқушыларға аудан әкімдігінің арнайы дипломы берілді.

 

Оқушылар сабақты ашық аспан астында оқыды

Төлеби ауданындағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектептің  оқушылары Есімхан ордасы төбешігінде «Есімхан тұсындағы қазақ хандығы» тақырыбында ашық сабаққа қатысты.

Елбасының бағдарламалық мақаласында патриотизм туған жердің тарихын танып, білуден басталатыны айтылған. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің қолдауымен мектеп оқушыларына Қазақстан тарихы пәнін киелі жерлерде оқыту арқылы өлкенің тарихын, ондағы болған оқиғалардың ерекшеліктерімен таныстыра отырып, киелі орындарды зерттеу арқылы  танымын  қалыптастыру,  ұлттық  құндылықтарды қадірлеуге үйрету іс-шарасы қолға алынды.

Өлкетанушы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, археолог-ғалымдар Кеңесарық ауылындағы Төрткүлтөбені  тарихи орын екендігін бұдан бұрын да айтып, заңды түрде дәлелдеп қойған. Деректерге сүйенсек, Есім хан жаугершілік заманда өз ордаларының бірін дәл осы Төрткүлтөбенің маңынан тіккен екен. Ал тарихи нысанның хронологиялық шеңберіне көз жүгіртсек, сонау Түркеш қағанатымен астасып жатқаның байқауға болады. Моңғол-татар шапқыншылығы кезінде бұл төбе маңындағы мәдениет жермен-жексен болған екен. Мұндағы табылып жатқан құмыраларды археолог мамандар шамамен екі мың жыл бұрын жасалған деген болжам айтуда. Ал, жалпы, мұндай жәдігерлердің Кеңесарық тұрғындары арасында біразы кездеседі, тіпті ішіне адам сыйып кететін құмыраның табылғанын білеміз.

– «Есімхан  тұсындағы  қазақ  хандығы»  тақырыбында  өткен ашық сабақ маған  ұнады. Бұған дейін мұндай сабақ өткізілмеген. Сыныптан гөрі  киелі, тарихи  орында өткен сабақтан алған әсеріміз мол. Мұғалім бізге қасиетті жердің  тарихын, оның шығу себебі тұралы толық мағлұмат берді, – деді мектеп оқушысы Жақсылық Дастан.

 

Be the first to comment on "Түркістан облысы рухани жаңғыру белесінде"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.