Түркістан жастары латын әліпбиіне қатысты өз ойларын айтты

3 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 24 09 2018 10:05

Түркістан облысында ұстаздар мен жастар бас қосып, латын әліпбиі жайында өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Облыс орталығындағы №5 колледж ұжымы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазанда №569 қаулысымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне қатысты кездесу өткізді. Басқосу барысында колледж директоры Гүлмира Тағаева сөз алып, латын графикасы жайында өз ойын жеткізді. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы өз уақытында қабылданған тарихи шешім деп ұғамыз. Менің ойымша, оңтүстік жұртшылығы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген жаңа әліпбиді бірауыздан қолдайды. Әсіресе, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету туралы ел Үкіметіне берген тапсырмасында нақты мерзімді белгілеуін нақтылықтың көрінісі деп қабылдайды», — деді колледж директоры. Шарада студенттер де латын әліпбиіне қатысты өз  ойларын ортаға салды. Жастар қазақ әліпбиінің өзгеріске енуі дер кезінде қабылданған шешім екенін атап өтті.  «Белсенді жастардың бірі ретінде, мен латын әліпбиін күнделікті ұялы байланыс арқылы немесе әлеуметтік желіде хат алмасу барысында жиі пайдаланамын. Енді латын графикасына көшуге себеп бар. Өйткені латын қаріпін әлемнің алпауыт елдерінің қолданысында бар тәжірибе. Біздің Елбасымыз жарлыққа қол қою арқылы дамыған мемлекеттердің көшін жалғады»,- деді колледж студенті Бақытжан Сағындықов. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу — жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті екенін айтты.

Be the first to comment on "Түркістан жастары латын әліпбиіне қатысты өз ойларын айтты"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.