«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 50-ге жуық көрме өткізді

22 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 30 09 2018 13:11

Облыс орталығы мәртебесін ием­ден­ген күмбезді шаһардың кемел келе­шегін ойлаған Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен Түркістанға келген сайын ерекше тебіренемін. Мұнда исі қазақтың хандары мен сұлтандары, батагөй билері, батыр, бағландары мəңгіге тыныс тапқан. Бабаларымыздың аруағы баршамызды желеп-жебеп жүрсін дегім келеді» – деген ерекше толғанысын арнады. Қадір тұтқан Елбасына деген елдің ыстық ықыласындай мамыра-жай күй кешкен қаланың тайлы-тұяғы қалмастан бұл күні «Әзірет Сұлтан» кесенесінің маңынан табылды.  Былтыр ғана түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістандағы Елбасы­ның жұмыс кестесі әдеттегінше жаңа қаланың орналасу жоспарынан, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін аралап көруден басталды. Осында Мемлекет басшысына Түркі­стан­ның тарихи-мәдени орта­лығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көруге мүмкіндік тумақ. Алғашқы кезекте Түркістанның ежел­гі қоныстарының бірі – Күлтөбе қала­сы қайта жаңғыртылатын болады. Әбіл­­мәмбет және Тәуке хандардың ордалары мен резиденциялары ортағасырлық меші­тімен бірге және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтірілмек. Халқымыздың рухани қазынасы саналатын, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени қ­орық-музейі – тек қазақ ұлты­ның ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосу­­шы жәдігерлер санатында. Бұл – Қазақстан мен Ор­та­лық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қауым­дас­тығы үшін маңы­зы зор мәдени-тарихи нысан екен­дігінің бірден-бір айғағы. Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өндірістік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндік­тері» атты Жолдауы – бұған дейінгі жария­ланған Жолдаулардың заңды жал­ғасы, идеясы терең, сабақтастық қағи­даттарын ұстанған өзекті құжат. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында көрсе­тіл­ген міндеттерді жүзеге асыруға қан­шалықты өзіндік үлесін қосуда деген сауал мазалайтыны ақиқат. Мәселен, Жолдауда айтылған 10 бағыттың бірін­де сөз болған жаңа технологияларды жұ­мыс барысында енгізуге сай музей аума­ғында орналасқан барлық ес­керт­кіштерге штрих-кодтар (QR-код) қойылды. Келуші туристер осы штрих-код арқылы ескерткіш туралы мағ­лұ­мат­тармен үш тілде мағлұмат ала алады. Демек, мұнда аяқ басушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қоса, Рәбия Сұлтан бегім, Есім хан, Гауһар ана, «Үкаша ата» мазарын, Қылует жерасты мешіті мен шығыс моншасы және көне Сауран қалашығының тарихымен етене танысады. Одан соң, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрамына кіретін ескерткіштер бойынша 3D-тур виртуалды жобасы әзірленіп, іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Бұл туристерге әлем­нің қай түкпірінде болмасын, ғ­алам­тор арқылы қорық-музей сайты­нан 3D-тур арқылы қорық-музей ескерткіштері туралы толықтай ақпа­рат алуға, музейдің ішіндегі жәдігер­лер, архитектуралық құрылымдарымен кең танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ қорық-музейге жерленген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер тізімінің электронды нұсқасы әзірленді. Оған ақпараттық киоск орнату арқылы қол жеткізіліп отыр. Енді азаматтар­дың осы тізімге, сондай-ақ жерленген тұлғаларға қатысты қандай да бір ұсынысы болып жатса, оны компьютер арқылы түзету оңайға соқпақ. Мұнда сондай-ақ осы ақпараттық киоскіге жерленген игі жақсылардың қысқаша өмірбаяны, олардың тарихтағы алған орны, басқа да тиісті ақпарат енгізілді. Сонымен қатар келушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кеңсе ғимаратының қабырғасына және билет сататын кассаға «жүгіртпе жол» орнатылды. Қазіргі таңда «жүгіртпе жол» арқылы қорық-музейдің жұмыс кестесі, өткізілетін іс-шаралар туралы келушілер толықтай мағлұмат ала алады. Ел­ба­сы­мыз Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласына орай «Қожа Ахмет Ясауидің 70 хикметі» кі­та­бы латын әліпбиіне және орыс тіліне ауда­­ры­­лып, жақын арада бас­падан шық­ты. Сонымен қатар қорық-музейдің 40 жыл­­­­ды­ғына орай «100 аңыз», «Әзірет Сұл­­тан» қорық-музейіне 40 жыл» және «Түр­­­кістан жазирасының қыш ыдыстары» ат­­ты жаңа альбом-кітаптары жарық көрді. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жылдық жоспарына сәйкес жыл басынан бері музейде түрлі кездесулер, салтанатты мәдени іс-шаралар, дөңге­лек үстел, конференция, көрмелер ұйым­дас­тырылып келеді. «2018 жылғы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» қызметкерлерінің 2050 жылғы әріптестеріне жазған «аманат хат» капсуласын салтанатты түрде орнату рәсімі өткізілді. Биыл «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі 50-ге жуық көрме өткізді. Дегенмен, көрмелердің ең негізгісі мамыр айында өтті. Негізгі деп айтардай бар, қорық-музей өз тарихын­да ал­ғаш рет шет мемлекетте көрме­лер ұйым­­дастырды. Атап айтатын болсам, Түр­кия мем­лекетінің  Кастамону, Анкара, Бурса қа­­ла­ларында «Ясауи мұралары және Түркістан» тақырыбында көрме ұйым­дастырылды. Маңызды бастаманың бас­­ты мақсаты – шетелдіктерге елімізді, мә­де­ниетімізді таныту. Таныта отырып ту­рис­тер санын арттыру болып табылады.  Алдағы уақытта осы қазан айының 18-20 ара­лығында Қазақстан Республи­касының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай  «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Конференцияға отандық және шетелден келетін ғалым­дар қатысатын болады.  «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі архео­логия­лық қазба-зерттеу жұмыс­тарын жүргізу лицензиясына ие болған бірден-бір ұжым есебінде, биыл қорық музейдің археологтары Түркістан қаласынан сол­түс­тік-батысқа қарай 33 км-дей жерде, Жаңақорған өзенінің жағалауында орна­ласқан Мергентөбе жерінде архео­логиялық қазба жұмыстарын бастады. Қазба нәтижесінде ежелгі обалар орны анықталды. Археолог мамандардың айтуынша, сыртқы тұрпаты ерекше бұл ес­­керт­­кіштер өткен дәуірлерден өте құнды ақ­­парат­тар берді деп батыл айтуға тұрарлық. Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның «Қазақстанның киелі жерлері гео­графиясы» жобасы бойынша «Қасиет­ті Қазақстан» орталығымен 100 киелі жердің республикалық тізі­мі жасалынғаны белгілі. Бұл тізімге «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірқатар нысаны енді. Олардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи, Рәбия Сұлтан бегім, Есім хан кесенелері мен Қылует жерасты мешіті, Күлтөбе, Жы­ла­ған ата, Үкаша ата мазары мен құдығы, Гауһар ана кесе­несі, Сауран қалашықтары бар. Сондай-ақ осы тізімге Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қара­шаш ана мен әкесі Ибраһим ата­ның мазарлары да енгенін айт­қым келеді. Ендігі басты мін­дет – киелі жерлерімізді кеңі­нен насихаттап, ту­рис­терді тар­ту. «Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы» жобасы ая­сында Ұлытау төрін­дегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи музейін, Тараз­дың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен қалыптастыру үшін көш­пелі көрме, экспедиция ұйым­дастыруды көздеп отырмыз.

Be the first to comment on "«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 50-ге жуық көрме өткізді"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.