Түркістан Облысында «Мәңгілік ел» патриоттық әндер байқауы өтті

262 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 01 10 2018 18:55

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мәңгілік ел» патриоттық әндер байқауы өтті. Өнер сайысында 28 композитордың Астана туралы және патриоттық әндері орындалды.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шара жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық әндерді насихаттау мақсатында өтті. Сондай-ақ өңірден шыққан композиторлардың патриоттық әндерін, оның ішінде патриоттық тақырыптағы туындыларын халық арасында кеңінен дәріптеп, композитор мен орындаушы арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Өнер додасында қазылар алқасы үміткерлердің орындау шеберлігіне, дауыс диапазонына және әннің байқау шартына сәйкестігіне мән берді. Музыкалық өңдеуі мен ән мәтінінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне де көңіл бөлінді. Сонымен қатар мүмкіндігінше бұрын орындалмаған жаңа әнге назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша композиторлар арасынан бас жүлдеге Шымкент қаласынан Ізбасар Кеңесов, ал әншілер арасынан «Сарын» тобы лайық деп танылды. Жүлделі бірінші орынды Түлкібас ауданының композиторы Рысты Шымырбаева және шымкенттік «Фараб» дуэті иеленді. Сондай-ақ, қатысушыларға облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесі берілді. Ерекші өнер көрсеткендер «Ең үздік музыкалық өңдеу» және «Ең жас әнші», «Көрермен көзайымы», «Патриоттық әнді үздік орындаушы», «Мәңгілік ел» номинацияларымен марапатталды. Барша жеңімпаздар мен номинация иегерлері арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Be the first to comment on "Түркістан Облысында «Мәңгілік ел» патриоттық әндер байқауы өтті"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.