ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТОМОГРАФИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛЫП, БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

29 рет оқылды, 0 пікір жазылды, 02 10 2018 17:04

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барды. Алдымен «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысқан өңір басшысы одан кейін Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес Жұлдыз» балабақшасына келді. Жеке кәсіпкер Г.Гуламованың иелігіндегі балабақшаға 1,1 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазір 450 бала тәрбиеленіп жатыр. Алпыс адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі балаларға базарлық ұсынып, балабақша ұжымының қадамын оң бағалады.

Одан кейін Ж.Түймебаев Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде болды. Мұнда көкөніс өсіруде озық технологиялар қолданылған. Құны 1,8 млрд. теңге болатын жоба бойынша 15 гектар жерге қызанақ пен қияр егілген. Шаруа қожалығында 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылармен тілдескен Ж.Түймебаев «Бұрын жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болушы еді, қазір Сарыағашта да бар. Облыстағы жылыжайлардың 50 пайызға жуығы осы ауданда шоғырланған. Бұл жөнінен Сарыағаш өзгелерге үлгі бола алады. Елбасымыз Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек пен көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейте береміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады» деді.

Халық тығыз орналасқан Сарыағашта спорт саласын дамыту маңызды. Осыны ескерген жергілікті билік Қапланбек ауыл округінде «Қапланбек» спорт кешенін ашқан. Мұнда 90 бала каратэ, таеквондо, ауыр атлетика және шағын футболмен шұғылданады. Оларды 7 бапкер баптайды. Спорттың денсаулық кепілі екеніне тоқталған облыс әкімі мұнан соң Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына атбасын бұрды. Жаңадан орнатылған компьютерлік томографияның жұмысымен танысып, томография орталығын саланатты түрде ашып беріп, сарыағаштық дәрігерлерге 3 автокөліктің кілтін тапсырды. Бұл игілікті істердің бәрі Елбасының медицина саласына жасаған қолдауының тәтижесінде болып жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы аурухана ұжымына сәттілік тіледі. Заманауи құрылғы арқылы бас мидың қан айналымдары ауруларын, ісік және ішкі құрылыстағы ауытқулар мен сүйек жарақаттарын анықтайды.   Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Сарығаш ауданы, Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Ай-Мейірім» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салынған балабақшада 75 бала тәрибеленеді. Нысанды салуға және ашуға 178 млн. теңге инвестиция тартылған. Қазір бұл мекемеде 28 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Балабақшаны ашып берген Ж.Қансейітұлы мемлекет тарапынан білім саласына айрықша қамқорлық көрсетіліп жатқанына тоқталып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады. Бүгінде Сарыағаш ауданында 203 балабақша жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артады деген болжам бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Be the first to comment on "ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТОМОГРАФИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛЫП, БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ"

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.